Н. Нығматулин: Әрбір жағдай әділетті шешілуі үшін мықты заңнамалық база қажет

АСТАНА. 15 мамыр. ҚазАқпарат - Әрбір жағдай әділетті шешілуі үшін мықты заңнамалық база қажет. Мәжілістің жалпы отырысында палата спикері Нұрлан Нығматулин осылай мәлім етті.

Еске салсақ, бүгін Мәжілістің жалпы отырысында палата депутаттары «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне атқарушылық іс жүргізуді жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдаған болатын.

«Жалпы, борышкерлерге қатысты әрекет ету үшін сот орындаушыларына нақты өкілеттіктер жүктеп, олардың жұмысын күшейту туралы айтқанда таяқтың да екі ұшы бар екенін ойлауымыз керек. Әрбір нақты жағдайдың артында адам тағдыры тұрғанын да естен шығармаған абзал. Сондықтан да сот орындаушылары өздерінің әрекеттерімен немесе әрекетсіздігімен биліктің беделін түсіретінін ұмытпауға тиіспіз. Сондықтан да, әрбір жағдай әділетті шешілу үшін мықты заңнамалық база қажет», - деді Мәжіліс Төрағасы.