Н. Нығматулин: Көппартиялы Парламент - парламентаризмнің қазақстандық үлгісін дамытудың маңызды өлшемі

АСТАНА. 26 қараша. ҚазАқпарат - Көппартиялы Парламент - парламентаризмнің қазақстандық үлгісін дамытудың маңызды өлшемі. Бүгін «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы Н.Ә Назарбаевтың Қазақстандағы парламентаризмді дамытудағы рөлі» атты халықаралық конференция барысында Парламент Мәжілісінің төрағасы Нұрлан Нығматулин осылай айтты.

Спикердің айтуынша, көппартиялы Парламентті қалыптастыру Қазақстанның демократия жолындағы тағы бір нақты қадамының көрсеткіші. Бұл ретте Нұрлан Нығматулин Парламенттің қазіргі құрамы туралы баяндай келіп, заң шығарушы органның Елбасының стратегиясын жүзеге асыру жолындағы сындарлы жұмысына да тоқталды.

«Әрине, барлық парламентарийлер өздерінің саяси бағдарламаларының негізгі бағыттарын ұстанады. Алайда, партиялық құрамы мен идеологиялық алуандықтарға қарамастан, Парламент өкілдері демократиялық рәсімдер негізінде өзара тиімді іс-қимыл жасайтындығын көрсете білді. Ең бастысы екі палата депутаттары да мемлекет пен халықтың мүддесі жолында шешімдер әзірлеп, қабылдайды. Бұл Қазақстанның заманауи саяси тәжірибесінде демократия мәдениетінің негізгі құндылықтарын басшылыққа алатындығының айшықты белгісі», - деді Н. Нығматулин.