ҚАК жобасын қарауды қорытындылау барысында Мәжіліс Төрағасы аталған заңнамалық актінің маңыздылығы мен артықшылығына баса назар аударды. Бұл ретте Нұрлан Нығматулин жаңа Қылмыстық-атқару кодексінің ең алдымен, қылмыстық заңнаманы жетілдіруге, мына жағдайда қылмыстық жазаны өтеудің тиімділігін арттыруға бағытталғанын айтты. «Қылмыстық - атқару кодексінің жаңа редакциясында ұсынылып отырған тетіктер қылмыстық жазалауда әділеттіліктің үстемдік етуін қамтамасыз етуге тиіс. Алайда, сотталғандардың да құқы аяқ асты етілмеуі керек. Бұл әлемдік тәжірибе. Сондықтан, екінші оқылымда дәл осындай оңтайлы, үйлесімді тәжірибе тұрғысынан қарауымыз қажет», -деп түсіндірді Спикер. Кодекс жобасы бойынша жазаны орындау тетігі - ең алдымен, прогрессивтік жүйе бойынша бостандығынан айыру, пробациялық бақылау механизмі үшін құқықтық негіз қалау, сотталғандарға қажетті әлеуметтік, құқықтық және психологиялық көмек көрсету түрінде жетілдірлетін болады.