Н. Өнербайдың жеке шығармашылық кеші өтті

АСТАНА. Наурыздың 24-і. ҚазАқпарат - Жуырда Астанада ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, танымал өнер иесі Нұрлан Өнербайдың жеке шығармашылық кеші өтті,

деп хабарлайды ҚазАқпарат. Конгресс-Холл сарайына мол жиналған көрермендердің ыстық ықыласы мен үлкен қошеметіне қарап, біртуар өнер иесі мен халық өнерінің жоғары бағаланатынының куәсі болдық. Сахна шымылдығын әнші халықтың «Қарағым-ай» әнімен ашып, «Асыл жарым», «Сағыныш сазы» әндерімен жалғастырды.Елорданың алғашқы жылдары Президенттік оркестрде үш жылдай қызмет еткен Нұрлан Өнербай әлі сол өнер ұясымен шығармашылық байланыс жасап тұратынын айтып өтті. Осы кеште әнші халық аспаптар ансамблінің көмегімен «Іңгіл-ай», «Еркем-ай», «Ой, көк» және Қазақстанға қайта оралып жатқан қандастарымыздың елге ала келген халық әндерінің бірі «Ахау, Үрлемді» орындады. Сонымен қатар концертте «Ғасыр» тобының өнердегі тұсаукесері және «Саз отау» атты домбыра мен қобыз дуэті «Балбырауын» күйін орындады. Нұрлан Әлтайұлы Астана жұртшылығы алдында алғаш рет «Ауыл түні», «Ай, дүние-ай» атты жаңа әндерін шырқады. Бұл көптен бері сахнаға жеке концертімен шықпай жүрген Н.Өнербайдың Наурыз мейрамы күндері елге арнаған ән шашуы іспетті болды.