Н.Сабильянов: Елбасымыздың Ұлттық қорды құру идеясы қазiр өзiн-өзi толық ақтап отыр

АСТАНА. ҚазАқпарт - Елбасымыздың Ұлттық қорды құру идеясы қазiр өзiн-өзi толық ақтап отыр. Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Нұртай Сабильянов айтты.

«Ұлттық қорға байланысты кезiнде көптеген әңгімелер айтылды. Ұлттық қорды халықа таратып берейiк, бұл халықтың ақшасы, дегендер де болды. Рас, бұл - халықтың ақшасы. Меніңше, Елбасымыздың Ұлттық қорды құру идеясы қазiр өзiн-өзi толық ақтап отыр», - деді Н.Сабильянов.

Халық қалаулысының атап өтуінше, бүгінде Ұлттық қор қаражаты елдегi қаржы секторының тұрақтылығын қамтамасыз етуге, экономикамызды дамытуға, сонымен бiрге халықтың әл-ауқатын арттыруға жұмсалып отыр.

«Ешкiм ешқайда алып кеткен жоқ. Оны өздерiңiз көрiп отырсыздар. Бiрақ, осыдан жұмсалатын қаржыны қатаң бақылауға алуымыз керек», - деп баса айтқан депутат Мемлекет басшысы тапсырмасын орындау барысында тиянақтылық таныту қажеттiгiн ескерттi.