«Бәсекелестік сауданы енгізудің негізгі мақсаты - мемлекеттік құзыретті органдар үшін де, жер қойнауын пайдаланушылар үшін де жер қойнауын пайдалану құқығын алу рәсімін барынша жеңілдету және талаптарды оңайлату. Қазіргі кезде конкурс жеңімпазын анықтау барысында аймақ инфрақұрылымының дамуына жұмсалатын шығын да елеулі рөл атқаратыны белгілі. Ал ендігіде мұндай шығын құзыретті органмен бекітілген мөлшерлеме түрінде белгіленетін болады. Жер қойнауын пайдаланушыға оның көлемі бәсекелестік саудаларды өткізу басталғанға дейін белгілі болады», - дейді Н. Сауранбаев. Осылайша, вице-министрдің сөзіне қарағанда, бәсекелестік саудаларды өткізу кезінде кімде-кім мемлекетпен қол қойылатын бонустың ең үлкен сомасын ұсынса, жер қойнауын пайдалану құқығын сол алады. Министрлік өкілінің пікірінше, бұл конкурсты өткізудің орындылығын қамтамасыз етеді және мүмкін болатын сыбайластық факторларын жояды.
Бұдан бөлек, алдағы уақытта жер қойнауын пайдаланушылар үшін келісімшарт бойынша қарастырылған міндетті сараптамаларды 60 пайызға дейін қысқарту көзделеді.