Нью-Йорк тұрғындары Дональд Трамптың әйелінің қаладан кетуін талап етуде

АСТАНА. ҚазАқпарат - Нью-Йорктың 100 мыңға жуық тұрғыны АҚШ-тың жаңадан сайланған президенті Дональд Трамптың жұбайы Меланьяның инаугурациядан кейін қаладан кетуін талап етіп, петицияға қол қойды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

russian.rt.com сайтының жазуынша, Дональд Трамп пен оның отбасының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін Нью-Йорк билігі күн сайын бір миллион доллар жұмсайтын көрінеді.

«Егер мұндай шешім қабылданатын болса, бұл үшін солар ғана (RT - Трамптар әулеті) төлеуі тиіс. Нью-Йорктың салықшылары есебінен емес, ол ақшалардың жолдарға, мектептерге, көлікке, санитарияға, жаңа жұмыс орындарына және қаланың басқа да шығындарына жұмсалғаны жөн», - деп жазды адамдар үндеухатта.

Бұған дейін Трамп оның жұбайы Меланья мен ұлы Бэррон ұлықтау рәсімінен кейін Ақ үйге көшуді жоспарламайтынын және олар Нью-Йоркте қалатындығын мәлім еткен болатын.

Меланья Трамп АҚШ-тың бірінші ледиі ретіндегі қызметте немен айналысатындығын жариялады. Бұрынғы фотомодель бар күш-жігерін әйелдер мен балалардың құқығын қорғауға жұмсамақ.