Нью-Йоркте 2001 жылғы жарылыстың құрбандарына арналған мұражай ашылады

АСТАНА. 26 қаңтар. ҚазАқпарат - Биыл мамыр айында Нью-Йоркте 2011 жылғы террорлық әрекеттің құрбандарын еске алуға арналған мұражай ашылады, деп хабарлайды ИТАР-ТАСС.

11 қыркүйек мұражайы және мемориалдық кешені мемлекеттік қорының директоры Джо Дэниелстің айтуынша, таяуда ашылатын мұражай жаңа Бүкіләлемдік сауда орталығының бір бөлігі болмақ. Жалпы, бұл нысанның ашылуы бірнеше рет кейінге шегеріліп келді. 2012 жылы Сэнди дауылынан кейін Төменгі Манхэттенді топан су басуына байланысты ғимараттың құрылысы тоқтап қалған болатын.

Мұражайға қойылатын заттарды теракт кезінде аман қалған адамдар мен қаза тапқандардың туыстары әкеліп берген. Мұнда келгендер жарылыстың құрбандарының әрбіріне арналған бейнероликті де тамашалай алады. Билет құны 24 доллар болады деп жоспарланып отыр. Бұл Бостандық статуясы мен Қазіргі заман өнер мұражайына кіру құнымен бірдей. Алайда қала тұрғындары мен мэрі Билл де Блазио билеттің бағасы қымбат екеніне наразылық білдірді. Қала басшысының айтуынша, федералды үкімет мұражайдың шығындарын өз мойнына алса, билет бағасы арзан болатын еді.