Нью-Йоркте Астананың 20 жылдығы атап өтілді

НЬЮ-ЙОРК. ҚазАқпарат - Қазақстанның Нью-Йорктегі Біріккен Ұлттар Ұйымы жанындағы Тұрақты өкілеттігінде Астананың 20-жылдығы атап өтілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Астана қаласының мерейтойына орай ұйымдастырылған салтанатты қабылдауға Біріккен Ұлттар Ұйымының түрлі құрылымдарының басшылары, БҰҰ-ға мүше мемлекеттердің өкілдері, халықаралық ұйымдардың бөлімше басшылары мен Нью-Йорктегі БҰҰ жанындағы үкіметтік емес ұйымдардың басшылары, сарапшылар мен журналистер қатысты.

Кешті ашқан Қазақстанның Біріккен Ұлттар Ұйымы жанындағы Тұрақты өкілі Қайрат Омаров Астананы қалыптастыру тарихы, қаланың заманауи дамуы және оның әлемдік аренадағы рөлі туралы мәлімдеді. Ол Астананың жетістіктері Қазақстанның тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың есімімен тығыз байланысты екенін айтты. Астана әлемнің ең жас астаналарының бірі бола отырып, 20 жыл аралығында ғылым мен білім, мәдениет пен өнердің жоғары деңгейі қалыптасқан, сәулет өнері дамыған, ірі халықаралық іс-шаралардың және маңызды келіссөздер үдерістері мен жаһандық бастамалардың орталығына айналған заманауи мегаполис болғандығын атап өтті.

«Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі ретіндегі жұмысында Астананың бітімгершілік күштері көрініс тапты. Елордамыз Біріккен Ұлттар Ұйымының барлық мүше мемлекеттерімен ынтымақтастыққа ашық», - деді Қ.Омаров мерекелік кештің қонақтарына.

БҰҰ Бас хатшысының орынбасары, Ең нашар дамыған елдер, теңізге шығар жолдары жоқ дамушы елдер, және шағын аралдардағы дамушы елдер бойынша БҰҰ Жоғарғы өкілі Фекитамоелоа Утоикаману Қазақстан астанасының мерейтойымен құттықтады. Өз сөзінде ол Астана үміт пен табысты трансформацияның символына айналғанын атап өтті. «Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың келесі сөздері менің есімде қалды: Астана - Қазақстанның жаңғыруының символы және қазақ халқының жасампаз күші, олардың сенімі мен болашағына деген сенімділігі», - деп атап өтті Ф.Утоикаману.

БҰҰ Бас хатшысының саяси мәселелер жөніндегі орынбасары Розмари ДиКарло Астананы серпінді және қызықты қала екендігін айтты. Нақтылай ол «Қазақстанның тұрғындары осы тамаша қаланы, сондай-ақ БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінде өз елінің белсенді жұмысын және халықаралық аренадағы Қазақстанның маңызды рөлін мақтан ете алатынымен» бөлісті.

Іс-шара барысында «Астана - бейбітшілік қаласы» фильмі көрсетілді, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті Қоры әзірлеген Астананың 20-жылдық мерейтойына арналған «A Day in Astana» мерейтойлық фотоальбомы ұсынылды.