Өнер майталманының туындыларын тамашалауға танымал саясаткерлер, қоғам қайраткерлері, дипломаттар мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері келді, деп хабарлайды khabar.kz.
Кәріпбек Күйіков тағдырдың қатал жазуына әуел бастан-ақ мойынсұнбаған. Өмірге деген құштарлығының арқасында сурет салуға ден қойған. Қылқаламды аузымен немесе аяғымен ұстап, өмірдің кез келген сынынан сүрінбей өтуге шақырады. Ал сүйікті өнеріне өзі тәрізді атомдық сынақтардың қасіретін тартқан жандарды арқау етеді. Нью-Йорк төрінде дарынды суретшінің бірегей туындыларын БҰҰ-ның бас хатшысы Пан Ги Мун тамашалап, тәнті болды.
«Қазақстанға ядролық қаруға қарсы бастамасы үшін ризашылығымызды білдіреміз. «Атом» жобасының елшісі Кәріпбек Күйіков әлемді ядролық қарудан аластап қана қоймай, адамзатты дұрыс өмір сүруге шақырады»,-дейді көрме қонағы Лассина Зербо.
БҰҰ бас хатшысының саяси мәселелерге қатысты көмекшісі Мирослав Енча осыдан бес жыл бұрын Семей полигонына келген. Елге келген қонақ ядролық сынақтың ел мен жерге тигізген зардабын өз көзімен көрді.
Мирослав Енчаның пікірінше, көрмедегі суреттер ядролық қарусыз әлем қалыптастыру қажеттігін ашық көрсетеді. Қазақ суретшісінің бірегей туындылары басқа адамдарға үлгі болуы тиіс.
Отандасымыз Кәріпбек Күйіковтің шығармаларымен барлық әлем халықтары таныс. Дарынды суретші ядролық қаруға қарсы «Атом» жобасы аясында белсенділік танытып, түрлі халықаралық деңгейдегі басқосуларға қатысып жүреді.
-Қылқаламды аузымен немесе аяғымен ұстап, сурет салатын, жазу жазатын адамдарды көрсем ерекше таңқаламын. Алайда қазақстандық суретшінің еңбектері тіптен керемет. Кәріпбек осыған дейін мұндай көрмелерді Хиросима мен Нагасакиде өткізгендігін білемін,- деп таңданысын жасырмады БҰҰ Бас хатшысының орынбасары Юкио Такасу.
Кәріпбек Күйіков тағдырына ешқашан өкпе айтып, мұң шағып көрген емес. Керісінше, ағысқа қарсы жүзе білетін жандардың қатарынан. Көрмеде көрсетілген туындылар да суретшінің өмірге деген өзгеше көзқарасын таныта білді.