1831 жылы ашылған Нью-Йорк университетінде әлемнің әр қиырынан келген 50 мың студент білім алады. Олар еліміздің Номад клубының ашылу салтанатының куәсі болды. Шетелдік студенттер енді осы жерде Ұлы даланың өнері мен мәдениеті және салт-дәстүрімен танысады.
Салатанатты шарада қазақтың мың бұралған бишілері өнер көрсетіп, көрермендерді тәнті етті.
«Бұл клуб тек ғанақазақстандық студенттердің бір-бірімен араласуы емес және де Қазақстанның мәдениеті, Қазақстанның дәстүрі және де Қазақстанның табиғаты мен тамағы туралы білу үшін құрылған клуб»,- деді «Nomad» клубының президенті Дархан Мұңайтпасов.
Қонақтар кітап көрмесін аралап, еліміздің көрікті жерлерімен танысып, ұлттық тағамдарымыздан дәм татты.
«Білім ордасынан шықпай-ақ, Қазақстанға саяхаттағандай болдық»,- дейді олар.
Шара барысында «Go-Nomads» жобасының тұсауы кесілді. Бұл бастама кез-келген адамға елімізге сапар жасап, Қазақстанның қалаған аймағында ағылшын тілін үйретуге мүмкіндік береді.
«Номад» клубының ашылуы керемет өтті! Қазақ мәдениетінің түрлі тұстарын көріп, қазақстандықтар өз елін мақтан тұтатынына көзім жетті», - дейді студент Фил Опаола.
Нағыз қазақ - қазақ емес, нағыз қазақ - домбыра. Кешке келген қонақтар күмбірлеген аспаптан қазақтың әуезді әуендерін тыңдады. Шараға келген дипломатарымыз да клубқа қолдау көрсетіп, болашақта осы жерде еліміздің мәдениетін дәріптейтін мағыналы кештер ұйымдастыруды ұсынды.
«Дархан мен Айнұр қазақстандық студенттер тобын жинап, осы клубты ашты. Бұл туризммен қатар түрлі салаларда байланыстарды дамытуға жол ашады. Осындай ұйым университетте алғаш рет құрылып отыр. Бұл платформа университет инфрақұрылымының негізінде қазақстандық шараларды өткізуге мүмкіндік береді», - дейді Қазақстанның Нью-Йорктегі бас консулы Жәнібек Әбдірашев.
Нью-Йорк университеті «Номад» клубына қазақ тілін оқытуға арналған арнайы аудиториялар бөлді. Қазірдің өзінде кей шетелдік студенттер тілімізді меңгеруге ниет білдірген.