Нью-Йоркте Қазақстаннның тұрақты дамуына арналған саяси форум өтіп жатыр

Нью-Йорк. ҚазАқпарат– Қазақстандағы Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму бағдарламасы БҰҰ жанындағы Қазақстан тұрақты өкілдігімен «Өзгерістер жолындағы әріптестік: Қазақстандағы теңсіздікпен күрес пен цифрлық дамуды ілгерілету» атты іс-шара ұйымдастырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ

Тұрақты даму жөніндегі саяси форум (ЖДСФ) аясында өткізілген қосымша іс-шара БҰҰДБ мен Қазақстанның стратегиялық әріптестігіне арналып трансформациялық бастамаларға, теңсіздіктерді жоюға, институттарды жаңғыртуға және төмен көміртекті дамуға жәрдемдесуге септігін тигізген жемісті ынтымақтастықты атап өтті.

Қосымша іс-шарада Қазақстан мен БҰҰДБ арасындағы ынтымақтастықтың жаңа кезеңі ретінде елге ТДМ-ға жетуге көмектесуге бағытталған БҰҰДБ-ның 2021-2025 жылдарға арналған Елдік бағдарламасын бірлесіп қаржыландыру тетігі ұсынылды.


«Біз Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму бағдарламасымен берік әріптестігімізді жоғары бағалаймыз. Бұл жаңа тетік өңірлерді және Қазақстан Үкіметінің басым және ұзақмерзімді реформаларын қолдау үшін қажетті жобалар пулын және техникалық көмек ауқымын қалыптастыруға мүмкіндік береді. Бөлінген қаражат Абай, Ұлытау және Жетісу облыстарын қоса алғандағы ел өңірлерін дамыту үшін, экономиканың «жасыл» секторларын ілгерілету үшін және Қазақстандағы келешек институционалдық реформаларды қолдау үшін пайдаланылатын болады», – деді Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров.

Іс-шара шеңберінде сондай-ақ осы әріптестіктің флагмандық бастамасы – тиімді қызмет көрсетуді және ведомствоаралық үйлестіруді қамтамасыз ететін бүкіл үкіметтік тәсіл арқылы теңсіздік мәселелерін шешуге арналған инновациялық платформа – Отбасының цифрлық картасы ұсынылды.


«Инклюзивті цифрлық қоғамдық инфрақұрылымды құру теңсіздікті азайту, мемлекеттік басқаруды жақсарту және қоғамдық сенімді қайтаруды қоса алғанда, ТДМ-ға жетудегі прогреске ықпал ете алады. БҰҰДБ дүние жүзіндегі үкіметтерге цифрлық технологиялардың трансформациялық күшін пайдалануға көмектесу құрметіне ие және Қазақстан мұндағы айрықша үлгі болып саналады.

Бүгін ұсынылған Отбасының цифрлық картасы технологиялар, әріптестік пен көреген көшбасшылық үйлесімінің мысалы бола отырып, сансыз мұқтаж адамның өміріндегі өзгерістерге алып келеді. Ол инклюзивті даму мен әлеуметтік прогреске жету жолындағы маңызды қадамның көрінісі және ешкімнің шетте қалмауын қамтамасыз етеді», – деді БҰҰ Бас хатшысының көмекшісі, БҰҰДБ әкімшісінің көмекшісі және Еуропа және ТМД елдері бойынша БҰҰДБ аймақтық бюросының директоры Ивана Живкович.


Іс-шараға қазақстандық және шетелдік үкіметтердің, БҰҰ агенттіктерінің, донорлардың, БАҚ пен ғылыми қауымдастықтың өкілдері қатысты.

Жылда өтетін саяси форумда (ЖДСФ) биыл «Коронавирус ауруынан (COVID-19) кейін қалпына келтіруді жеделдету және барлық деңгейде 2030 жылға дейінгі тұрақты даму саласындағы күн тәртібін толық іске асыру» тақырыбында Нью-Йоркте 10-19 шілде аралығында өтеді.

Басты назар 2030 жылға дейінгі кезеңге арналған жаһандық даму күн тәртібі мен ТДМ 17-ге (Тұрақты даму мүдделеріндегі әріптестік) аударылады.