Нью-Йоркте мұнай құны жылдық ең аз шекке дейін төмендеді

АСТАНА. 1 қазан. ҚазАқпарат - Нью-Йоркте мұнай фьючерстерінің бағасы 80 доллардан төмен межеге дейін құлдырады. Бұл соңғы жылдағы ең төменгі көрсеткіш, деп хабарлады РБК.

Нью-Йоркте техастық Light Sweet мұнайының бағасы 2 доллар 94 центке төмендеп, 79 доллар 20 цент межесіне жетті. Соңғы рет мұнайдың бағасы өткен жылдың 29 қыркүйегінде осындай төмен болған еді.

Американдық сарапшылар оның себебін NYMEX-тегі жалпы экономикалық құлдыраумен байланыстырады, оның үстіне соңғы аптада бензинге сұраныс жылдағы дәстүр бойынша төмендеді. Жазғы демалыс маусымы аяқталып келеді, сондықтан да бензинді үнемдейтін кез туды.

Солтүстікатлантикалық Brent мұнайының бағасы да төмендеді. Лондонда оның құны 1 доллар 19 центке дейін құлдырып, барреліне 102 доллар 76 центке барып тоқырады.

Сарапшылардың пікірінше, бұлайша төмендеу еуроаймақтағы дағдарыс аяқталғанша және Ливиядағы жағдай тұрақтанған жағдайға дейін болуы мүмкін.