Нью-Йоркте сақал жабыстыру отасы сұранысқа ие болып отыр

АСТАНА. ҚазАқпарат - Нью-Йоркте ерлер арасында сақал жабыстыру отасына сұраныс артып отыр. Аталмыш ота құны 7-ден 8,5 мың доллар аралығында тұрады.

Пластикалық хирургтердің айтуынша, қалада соңғы айларда сақал өсіруге көмек сұрап келгендер саны көбейген.

«Тұтынушылар қою сақал өсіріп, өздерінде ер адамға тән батылдық болғанын қалайды», - дейді Нью-Йорк пен Майами қалаларында апта сайын ота жасап жүрген дәрігер Джефри Эпштейн.

Ол ота кезінде адамның денесіндегі (мысалы, басынан немесе кеудесінен) шашты алып, бетіне жабыстырады. Жаңа сақал біркелкі өсіп, шамалы уақыттан соң қыруға келеді. Ота шамамен 8 сағатқа созылады.

Жалпы, тұтынушылар көбінесе танымал адамдардың суретін әкеліп, соларға ұқсағысы келетінін айтады екен. Атап айтқанда, америкалықтардың арасында Джордж Клуни, Райан Гослинг, Брэд Питт және Том Селлекке ұқсағысы келетіндер көп кездеседі, деп жазады Росбалт.