13:11, 18 Маусым 2009
Нью-Йоркте SMS-хат жазудан чемпионат өтті
НЬЮ-ЙОРК. Маусымның 18-і. ҚазАқпарат - Америкада 15 жасар қыз бала ұялы телефонмен қысқа – SMS-хаттар жазудан өткен чемпионаттың жүлдегері атанды.
Кейт Мур сейсенбі күні Нью-Йоркте өткен ұлттық чемпионатта 20 адамнан озып, ең тез SMS-хат жазушы деген атаққа ие болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат ИТАР-ТАСС агенттігіне сілтеме жасап. Айованың Демойн қаласында ата-анасымен тұратын Кейт ұялы телефонмен үш ұзын сөйлемді бірде-бір қатесіз және тез жазып, қарсыласынан бірнеше секундқа озғаны үшін 50 мың доллар сыйақы алды. Айта кететін жайт, конкурс жеңімпазы алғашқы ұялы телефонына осыдан 8 ай бұрын ие болған екен. Осы аралықта Кейт ешкімнің қолынан келмеген жетістікке қол жеткізіп отыр ? ол ай сайын 14 мыңдай, яғни күн сайын 400-470 SMS-хат жазады екен.