Шерушілердің көбі полицейлердің қолынан қаза тапқан Эрик Гарнер мен Уолтер Скотты еске алу үшін шыққан.
Акция Манхэттеннің Union Square алаңында басталып, кейін халықтың үлкен тобы Бруклин көпірі арқылы өтіп, ондағы көлік қозғалысына жарым-жартылай кедергі келтірді. Акцияның ұйымдастырушылары осындай наразылық шараларының АҚШ-тың 28 ауданында өткенін мәлімдеді.
Соңғы уақытта АҚШ-та қара нәсілді америкалықтардың полицейлердің қолынан қаза табу оқиғалары көбейген. Америка жұртшылығын, атап айтқанда, Нью-Йорк қаласында ұсталған кезде буындырып өлтірілген афроамерикалық Эрик Гарнер мен Миссури штатында полицейлердің оғынан қаза тапқан Майкл Браунның өлімдері дүрліктірді.
Полицейлердің қатысуымен болған соңғы жанжал сәуір айында Оңтүстік Каролина штатындағы Чарльстонда болды. Онда полиция қызметкері Майкл Следжер қарусыз жергілікті 50 жастағы Уолтер Скоттың арқасына 8 рет оқ атқан. Ғаламторда пайда болған бейнежазбада қара нәсілді ер адамның арқасына оқ атқан полицейден қашып бара жатқаны көрініп тұр.