Н.Жүнісбаевтың жаңа кітабына тапсырыс интернет арқылы қабылданады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана қаласында белгілі спорт журналисі Несіп Жүнісбаевтың жаңа еңбегі - «Золотой олимпийский маршрут» кітабының тұсаукесер рәсімі өтті.

Кітап Қазақстан спортшыларының 2012 жылы Лондонда өткен ХХХ жазғы Олимпиада ойындарындағы толағай табысы туралы. Сондай-ақ, онда «Сочи-2014» қысқы Олимпиада ойындары жайында мәліметтер қамтылған. Туынды көркем безендірілген: 1000-ға жуық фотосурет басылып шықты. Бұл - автордың Олимпиада ойындары турасындағы кітаптар топтамасының жалғасы және осымен төртіншісі.

Тұсаукесер рәсіміне Серік Сәпиев, Данияр Елеусінов және Ілияс Сүлейменов сынды танымал спортшылар қатысты.

«Бұл кітаптарды мен 90-шы жылдардың соңында Барселона, Нагано және Атланта Олимпиадаларынан кейін жаза бастадым. Кітабым орыс тілінде жазылғанымен, бұның ішіндегісінің барлығы қазақша, арманы да, ойы да, тілегі де қазақша», - дейді автор.

Кітап 7500 данамен жарыққа шығып отыр және дүкендерде сатылмайды. Оқырман қауым кітапқа интернет арқылы ғана тапсырыс бере алады.