Надежда Дубовицкая Азия ойындарында қола жүлдені қанағат тұтты

Фото: Фото: Olympic.kz

Қытайдың Ханжчоу қаласында өтіп жатқан Азия ойындарында қазақстандық биіктікке секіруші Надежда Дубовицкая үздік үштікке ілікті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстандық жеңіл атлет Азиядағы басты фавориттердің бірінен саналғанымен, 1 метр 86 сантиметрді бағындырып, қола жүлдені қанағат тұтты.

Алтын және күміс медаль өзбекстандықтар Сафина Садуллаева мен Светлана Радзивильдің еншісінде кетті.

Тағы бір қазақстандық Кристина Овчинникова 1,83 метр нәтижемен төртінші орынға табан тіреді.

Биылғы Азия ойындарында Надежда Дубовицкая Қазақстан бокс құрамасының капитаны Асланбек Шымбергеновпен бірге ту көтеріп шыққан еді.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Мария Бровкованың Азия ойындарының қола жүлдегері атанғанын жазған болатынбыз.