Награда иесін тапты
18:11, 19 Мамыр 2009
ҚЫЗЫЛОРДА. Мамырдың 19-ы. ҚазАқпарат (Руслан Игілік) – Қызылорда облыстық ішкі істер департаментінде қалалық ішкі істер бөлімінің қызметкері, жауынгер-интернационалист Нұрсұлтан Ибадуллаевқа "Ерлігі үшін" медалін салтанатты түрде тапсыру рәсімі өтті.
Бұл наградаға ол Ауғанстан жерінде интернационалдық борышын өтеу барысында көрсеткен батылдығы мен ерлігі үшін ұсынылған еді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.Үстіміздегі жылдың 11 мамырында Астана қаласында өткен "Марапат иесін тапты" атты акцияның аясында аталмыш награда иесін тапқан болатын. Медаль куәлігіне осыдан үш жыл бұрын Ресейдің сол кездегі Президенті Владимир Путиннің өзі қол қойған.Департаментте өткен салтанатта облыстық ішкі істер департаменті бастығының орынбасары Бекбай Райымбеков марапат иесіне медальді табыс етіп, құттықтау сөзін арнады. Нұрсұлтан Ибадуллаев Жаңақорған ауданының түлегі. Ауғанстан жерінде 1987-89 жылдар аралығында интернационалдық борышын өтеген Ішкі істер органдарында 1991 жылдан бері қызмет етіп келеді.