Нағыз қазақ - Домбыра: Елордада Ұлттық Домбыра күні қалай өтуде

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін еліміздің басты алаңы елордадағы "Қазақ елі" монументі алаңы қазақтың қара домбырасынан төгілген күйге бөленді. Мыңға жуық домбырашы түрлі музыкалық аспаптардың сүйемелдеуімен "Балбырауын", "Адай", "Сарыарқа", "Әлқисса"күйлерін орындап, жиналған көрерменнің құлақ құрышын қандырды. Бұл жыл сайын шілде айының алғашқы жексенбісімен тұспа-тұс келетін Ұлттық Домбыра күніне арналған мерекелік концерт еді. ҚазАқпарат осы шараны суреттер тілімен оқырман назарына ұсынады.


Мерекелік концерттен ақпарат тарату мақсатында "Қазақ елі" алаңына сағат 11-ден өте жеткенімізде шара өтетін жерге ағылған қалың домбырашы мен жұртшылыққа куә болды. Сахна төрінде домбырадан күй төгілтетін адамдар үстілеріне оюмен безендіріліп, "Ұлттық Домбыра" күні деген жазуы бар футболка, бастарына кепкі киіп алған. Әр жерде домбырадан күй төгілтіп, әзіл әңгімеге ерік берген жастардың да қарасы қалың.

Сағат 11-30-да домбырашылар сахна төріне жайғасып, жиналған қауымды бір-екі күймен сусындатты. Осыдан кейін мерекелік концерттің басты қонағын күтіп, сілтідей тынды.

Мәртебелі мейман да көп күттірген жоқ. Сағат тілі 12-ге 10 минут қалғанда ҚР Президенті Әкімшілігінің басшысы Қырымбек Көшербаев пен Нұр-Сұлтан әкімі Алтай Көлгіновті ерткен Мемлекет басшысы жұртшылықтың қошеметімен арнайы тігілген шатыр астындағы орынға бет алды.

Батырларымызға рух, ақындарымызға шабыт берген күмбірлеген домбыраның үнінен төгілген бірнеше күйді тыңдағаннан кейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев құттықтау сөзін сөйледі.

Домбыра әрбір қазақтың рухын көкке көтеретін құнды қазынамыз бола беруі тиіс


Мектепте домбыра үйрену сабағын енгізу қажет.

Домбыра бүкіл Қазақстан халқын біріктіретін теңдесі жоқ мәдени мұра.


Домбыра Ұлттық күніне орай өтіп жатқан шараға мәдениет, спорт саласының елімізге есімі танымал тұлғаларының да басым көпшілігі келген. Мәселен, бокстан Олимпиада чемпионы Ермахан Ибрайымов қазақтың қара домбырасы спортшыларымызды рухтандырып, шаршы алаңда жеңіске жетелейтіндігін айтады.

"Домбыра ойнаған кезде күш алып, шаршы алаңға сеніммен шығамыз. Күні кеше ғана қазақтың қара домбырасынан төгілген әуенді естіп, одан қуат алып, шаршы алаңға көтерілген Қанат Ислам қарсыласын алғашқы раундта-ақ нокаутқа жіберді. Міне бұл - домбыраның құдіреті", - деді Ермахан Ибрайымов.

Ал қазақ композиторы, күйші, домбырашы Секен Тұрысбеков Ұлттық Домбыра күнін 1 күннің аясында емес, әрбір өңірде жеке-жеке өткізсе жөн болар еді деген ойын білдіреді.

"Жалпы, Ұлттық Домбыра күні деп шілденің алғашқы демалысын емес бір күнді нақтылап белгілеу қажет сияқты. Бұған қоса, мынадай ыстық күнге емес, қоңыр-салқын көктем не күз айларында өткізсе деген өтінішіміз бар", - деді танымал күйші.

Айта кетерлігі, Ұлттық Домбыра күні "Қазақ елі" алаңында басталып, Есіл өзенінің жағасындағы Амфитеатрда «Нағыз қазақ - домбыра» концертімен жалғасады. Сахна төрінде Қазақ оркестрі, Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі мемлекеттік академиялық филармониясының солистері мен вокалистері өнер көрсетеді. Концерттің басталуы - сағат 18.00-де. Кіру - тегін.

Соңғы жаңалықтар