Намибия экономикалық үнемдеу шаралары аясында мемлекеттік жерлеу рәсімдерін тоқтатты

Фото: Синьхуа

АСТАНА. KAZINFORM — Намибия үкіметі мемлекеттік жерлеу рәсіміне уақытша тыйым салды, деп хабарлайды BBC.

Мораторий 2026 жылдың сәуіріне дейін күшінде болады.Үкімет бұл шешімнің себебін түсіндірмеді, бірақ елдегі мұндай жерлеу рәсімдерінің қымбаттығы өткір сынға ұшырады.

Намибияда соңғы жыллдарда мемлекеттік жерлеу рәсімдері күрт өсті. 2022-2023 қаржы жылында 23 адам мемлекет ұйымдастырған салтанатты шаралармен жерленіп, бюджеттен шамамен 120 мың доллар жұмсалған.

2024-2025 қаржы жылында шығыстардың бұл түрі 2,2 миллион долларды құрайтыны атап өтілді. Ақпан айында қайтыс болған елдің тұңғыш президенті Сэм Нуйоманы жерлеуге үкімет 1,7 миллион доллар жұмсады.

Ақпарат және коммуникациялар министрі Эмма Теофелус үкімет 2026 жылдың сәуір айына дейін «мемлекеттік жерлеу рәсімдерін өткізу құқығын беру процестері мен критерийлерін» зерделеу үшін арнайы комиссия тағайындайтынын айтты. Алайда егер жоғарыда көрсетілген мерзімге дейін мемлекеттік жерлеуді талап ететін жағдай туындаса, Намибияның іс жүзіндегі президенті мораторийді шеттеп өтіп, рұқсат беруге құқылы.

Еске сала кетейік, Қырғызстанда той мен жерлеу рәсімінде ысырапшылдық үшін айыппұл салынады.