Намибияда Адольф Гитлер есімді шенеунік өңірлік сайлауға қатысып жатыр

Фото: BILD

АСТАНА. KAZINFORM — Намибияда Омпундья округінің басшысы Адольф Гитлер Уунона есімді жергілікті саясаткер қоғам назарын өзіне аудартты, деп хабарлайды BILD басылымы.

Ол BILD-ке 26 қарашада өтетін өңірлік сайлауға қатысатынын растады. Адольф Гитлер Уунона бұл округті 2004 жылдан бері басқарып келеді және 2020 жылы ол шамамен 85 пайыз дауыспен қайта сайланған.

Соңғы жылдары шенеунікке қысым күшейе түсті: тұрғындар ауданның дамуында тоқырау барын және инфрақұрылымның жоқтығын айтып шағымданған.

Namibian жергілікті газеті бір сайлаушының мына сөзін келтіреді: «Біз оған жұмыста карта ойнасын деп емес, қызмет атқарсын деп жалақы төлейміз».

Әлемнің түкпір-түкпірінде назар аудартқан бұл есімнің шығу тегін Уунона әкесінің тарихи мән-мағынасын түсінбегенімен түсіндіреді. Ол өзінің нацистік қылмыстармен ешқандай байланысы жоқ екенін атап өтіп, көпшілік алдында тек Адольф есімін ғана қолданатынын мәлімдеді.

Еске сала кетсек, Аргентинада Гитлердің қолы қойылған құжаттар табылғанын жаздық.