«Намыстану деген сөз өзге ұлыс өкілдеріне дүрсе қою дегенді білдірмейді» - республикалық басылымдарға шолу

АСТАНА. 20 қыркүйек. ҚазАқпарат - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда 20 қыркүйек, бейсенбі күні шыққан өзекті мақалаларға шолуды ұсынады.

***

«Кеше Павлодарда Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев және Ресей Президенті Владимир Путиннің қатысуымен екі елдің ІХ аймақаралық ынтымақтастық форумы өтті», - деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті. Форум барысында сөз сөйлеген Елбасы: «Біртұтас экономикалық кеңістікке біріге отырып, біз кәсіпорындар үшін кедергілерді алып тастадық. Енді тиім­ді өңіраралық индустриялық кластерді орнықтыру керек. Оған табысты мы­сал­дың бірі - Шығыс Қазақстан облысында автомобиль өндірісінің құрылуы. Бұл ауқымды жобаға салынған инвес­тиция көлемі - 400 миллион доллар, жобалық қуаты - 5,7 миллиард доллар», - деді. Мақала «Қазақстан-Ресей: Ынтымақтастық - ырыс бастауы» деген тақырыппен жарық көрді.

***

Зейнетке шығар жасты өсіріп, әйелдерді ерлермен теңестіру жайындағы әңгіме қоғамды қатты толқытуда. Билік басындағылардың ашып айтпаса да, ойындағысын оқтын-оқтын лауазымды әйелдердің аузына салып, жұрттан сыр тартқысы келетіні де байқалады. Міне осы жайт арқау болған мақала «Айқын» газетінің бүгінгі санында «Әйелдердің есебінен қор жұмысы күшейе ме?» деген тақырыппен берілген. «Мұндай реформалар не үшін қажет болуда? Бұл кімнің мүддесі үшін жасалмақшы: халықтың ба, әлде мемлекеттік бюджеттің бе? Егер бұл мембюджеттің мүддесі үшін жасалатын болса, онда нақты қанша қаражат үнемделеді? Нақты цифрлармен көрсетілсін. Қазақстандық әйелдер мұны білуге құқылы деп ойлаймыз», - деп жазады басылым.

  

«Айқын» газетінің жазуынша, адамзаттың ажалы неден деген сұраққа жауап іздеген ғалымдардың бір тобы жер шарының жылынуынан топан су басу қаупі ұл­ғайғанын айтса, енді біреулер аспаннан өзге планеталар жердің күл-талқанын шығаратындығын сөз етіп, күдікті күн сайын ұлғайтуда. Бірақ осының бар­лығы да әдіре қалып, адамға қауіп басқа нәрседен төнетін секілді. Бұл туралы ре­сейлік ғалымдар алаңдауға негіз бо­лар ақпараттар таратып, ең бастысы, осы қауіптің алдын алуға шақыруда. Мұнан да өзге себептерін басылымнің бүгінгі нөміріндегі «Адамзаттың ажалы неден?» деген тақырыптағы мқаладан біле аласыздар.

***

«Алаш айнасы» газетінің тұрақты «Дат!» айдарында А.Байтұрсынұлының мұражай-үйінің жанындағы ғылыми кеңестің мүшесі Сабыржан Шүкірұлымен арадағы сұхбат «Намыстану деген сөз өзге ұлыс өкілдеріне дүрсе қою дегенді білдірмейді» деген тақырыппен берілген.  Басылым тілшісінің барлық сауалына тұщымды жауап берген ол: «Бүгінгі қазаққа кінә қою қиын. Оған жүрегімде де дауаламайды. Бірақ қоғамдық формация өзгерген кезде халық пен биліктің аражігі ажырап қалды. Осы мәселе орнына келсе, өте орынды болар еді. Содан кейін біздің әлі ұлттық намысымыз ояна қоймаған, сол мені қынжылтады. Отбасылық, рулық намысы тұтас ұлттық намысқа ұласса», - дейді.

***

«Еліміздегі сотталған жасөспірімдердің жалғыз колониясынан бір топ жазасын өтеуші қашып кетпек болды. Ал осы мекемеге жауапты басшылар олардың дер кезінде жолдарын бөгеп тоқтатқанына шүкіршілік айтып, бар кінәні ғимараттың көнелігінен көріп отыр», - деп жазады «Алаш айнасы» газеті бүгінгі санында «Жер астынан жік шыға жаздады» деген тақырыптағы материалында. Басылымның атап өтуінше, 18 қыркүйек күні түнгі сағат 23:00 шамасында Алматы қаласында жасөспірімдер колониясынан бір топ сотталғандар қашып кетуге әрекет жасаған. Олар биіктігі екі, ұзындығы төрт метр жерді қазып үлгерген. Ұйымдастырушылардың, қанша адамның қашып кетпек болғандығы әзірше құпия болып отыр.