«Нан бағасымен «ойнағандар» абырой таппайды» - республикалық басылымдарға шолу

АСТАНА. Шілденің 21-і. ҚазАқпарат - ҚазАқпарат агенттігі республикалық басылымдарда шілденің 21-і, сәрсенбіі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

***

«Шілденің 20-ында Маңғыстау облысына жұмыс сапарымен келген ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов бірден «Шопан ата» мәдени ескерткіш кешеніне жол тартты. Мұнда аймақтық «Мәдени мұра» бағдарламасымен танысты. Республикалық маңыздағы ескерткіш - «Бекет ата» жерасты мешітіне сапар барысында Үкімет басшысына Бекет атаның ағымдағы жылы аталып өтетін 260 жылдық мерейтойына дайындық шаралары таныстырылды», деп жазады «Егемен Қазақстан» басылымы. Премьер-Министрдің осы жолғы батыс өңіріне жасаған жұмыс сапары неліктен Маңғыстау облысынан басталғанын білгіңіз келсе, «Егемен Қазақстан» басылымындағы «Қазыналы түбектің қарымды жобалары» атты мақаланы оқыңыз.

Сондай-ақ басылымда «Ауғанстан ахуалына әлем алаңдайды» атты материал жарық көріпті. Онда автор ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасы, ҚР Мемлекеттік хатшысы-Сыртқы істер министрі Қанат Саудадабаев Ауғанстан астанасы Кабул қаласында осы елдегі жағдайға байланысты өткізілген халықаралық конференцияға қатысқаны жайлы жазады. Конференцияда Хамит Карзай өз сөзін 2014 жылға дейін коалиция әскері ауған аумағынан кезең-кезеңімен шығып болып, елдің қауіпсіздігін өз қолдарына алатындарын айтқан. Бүгінгі күнде дейін үкімет түрлі топ жетекшілерімен кездесіп, олар да осы пікірге ойысады деген ойын жеткізіп, ауған халқына ел экономикасын көтеру үшін әлемдік қауымдастықтың қаржылай көмегі өте қажет екеніне екпін түсірді.

***

«Қыстың қамын жаз ойла» демекші, «бидай бағасы қымбаттайды» деген сыбыс шығысымен, жауапты мекемелер сақтық шараларын әлден жасай бастапты. Бәсекелестікті қорғау агенттігі төрағасының орынбасары Борис Парсегов бидай бағасы қымбаттаған жағдайда нанның бағасын көтеру туралы есеп-қисаптарды дайындап қойғанын сүйіншіледі. «Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Өмірзақ Шөкеевтің тапсырмасы бойынша, Бесекелестікті қорғау агенттігі егер бидайдың 1 тоннасының бағасы 120-180, тіпті 250 долларға дейін көтерілген жағдайда, нан бағасының өсуі туралы болжамдық есеп-қисаптарды жасады. Осындай жағдай болған күннің өзінде республика бойынша нан бағасы ары кеткенде 5 теңгеге қымбаттап, орташа баға 37 теңге болады», - деді Б. Парсегов», деп жазады «Алаш айнасы» басылымы бүгінгі санында. Осы мәселеге байланысты Үкімет басшысының тапсырмасы жайында, сондай-ақ Жамбыл облысында нан бағасы неліктен қымбаттағаны туралы білгіңіз келсе. «Нан бағасымен «ойнағандар» абырой таппайды» деген мақаланы оқыңыз.

Мұнымен қоса осы басылымның хабарлауынша, жуырда Қазақстанның Қаржы министрлігінің жетекші қызметкерлері өз табыстарын жариялады. «Атқамінерлер айлығын жатқа білер кім бар?» тақырыбындағы материалда Табыс декларациясы деген - мүлдем бөлек нәрсе екенін, яғни ол шенеуніктің тек ресми жалақысы ғана емес, жалпы кірісін қамту керектігін жариялап отыр.

***
«Бір жыл бойы «Бас сарай күрделі жөндеу жұмыстарына жабылады, жоқ жабылмайтын болыпты» деген дақпырт елдің басын әбден қатырған еді. Әсіресе, бірқатар өнер адамдары есеп беріп, үлгеруге тырысып, қарызданып-қауғаланып әбігерге түсті. Тіпті соңғы айларда бас сахнада бос күн емге табылған жоқ. Күн құрғатпай концерт көріп, қарық болдық. Ақыры мамыр айының соңында Республика сарайы өз жұмысын тоқтатты. Одан бері екі айдың жүзі жақындап қалды», дей келе мақала авторы бас сахнаның жөндеу жұмыстырының мән-жайына кеңінен тоқталады. Автордың осы мәселеге байланысты қалам тартқан ойын білгіңіз келсе, «Айқын» басылымындағы «Сарай жабылып, жұрт қамығып...» атты мақаланы оқыңыз.

Сонымен қатар осы басылым тілшілері Қ. Қуанышбаев атындағы қазақ музыкалық драма театрының директоры Еркін Жуасбекпен сұхбат ұйымдастырыпты. Онда директор «жақында сіздердің гезеттеріңізде Әкім Тарази ағамыз тағы бір пікірдің ұшын шығарды. «Бүгінгі театрлар неге қызық емес, қайткенде тетрлар керемет деңгейге көтеріледі» деген ойға, өзінің ұсынысы ретінде «Театрлардың бәрін түгелдей жекеменшікке шығару керек, сондай театрлар өзі үшін актер таңдайды, жақсы драматургтердің шығармалары қойылады» деген пікір айтқан»,- дейді. Е. Жуасбектің осы пікірге қатысты ойын мен басқа да түйткілді мәселелерге қатысты пікірін білгіңіз келсе, басылымның бүгінгі санындағы «Республикалық театр дәрежесіне лайықпыз» атты сұхбатты қараңыз.

***

«Литер» басылымы бүгінгі санында Қырғызстандағы экономикалық проблемалар мен осы елдің сырттан инвестиция тартуы мүмкіндігі жайында Экономикалық зерттеулер институтының Макроэкономикалық талдау және болжау орталығының директоры Сара Алпысбаеваның сұхбатын әңгімелейді. Аталған сұхбатта Қазақстанға бүгінде қысқа мерзімді табыстан гөрі, тұрақты әрі гүлденген көршілес мемлекет болғаны артық екені айтылған. Олай болмаса өңірде «көлеңкелі экономика» салдарының күшею мүмкін, оның ішінде заңсыз тауар айналымы мен Қырғызстан арқылы Қытай тауарларының тасымалдануы орын алуы ықтимал. Кеден одағына кіргеннен бастап бұл мәселе өзектілікке ие екенін жазады басылым.

***

«Казахстансакая правда» бүгінгі санында ұшақтардың әуедегі қауіпсіздігі тұрғысындағы мәселені жазады. Осы орайда Астанада «Қазаэронавигация» РМК бас директоры мен оның неміс әріптесі, яғни DFS компаниясы директорларының төрағасы әуе қозғалысын басқаруды ұйымдастыру және ұшу қауіпсіздігін қамтасыз ету мәселесін талқылағанын хабарлайды басылым. Сондай-ақ газеттің осы нөмірінде «Казахстансакая правда» тілшісі DFS компаниясы директорларының төрағасы Дитер Каденмен осы саланың қыр-сыры жайында сұхбат алған. Әуе қатынастары тұрғысында Қазақстан компаниясы мен неміс компаниясының арасындағы өзара ынтымақтастық жайында білгіңіз келсе осы материалды оқыңыз.