Нан мен ұн бағасын тұрақтандыру үшін өңірлерге 100 мың тоннадан астам бидай жөнелтілді

АСТАНА. ҚазАқпарат - 2015 жылдың 5 айының қорытындысы бойынша, нан мен ұнға бағаны тұрақтандыру мақсатында «Азық-түлік келісім шарт корпорациясы» ұлттық компаниясы» АҚ республиканың өңірлеріне жалпы көлемі 101 637 тонна астық жөнелтті. Бұл туралы компанияныңбаспасөз қызметінен хабарлады.

Айта кетейік, бидай өңірлерге, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі, облыс әкімшіліктері, Астана, Алматы қалалары және Азық-түлік келісім шарт корпорациясы арасында, 1-ші сұрыпты ұннан және 2-ші сұрыпты ұннан дайындалатын қалыпты нанға өңірлердегі бағаны тұрақтандыру бойынша шаралар туралы меморандумдар шеңберінде жөнелтіледі.

2015 жылдың I тоқсанында астық тоннасына 43 000 теңгеден өткізілді (әкімшіліктердің астық өңдеушілердің шығындарының бөлігін одан әрі субсидиялауымен). Астыққа нарықтық бағалардың төмендеуіне байланысты, II тоқсанда бидай тоннасына 40 000 теңге баға бойынша жіберіледі.