Нанкин Олимпиадасынан маған сеніп тапсырылған Көк туды биік көтеріп келгеніме қуаныштымын - А. Жүсіпов

АСТАНА. ҚазАқпарат - Маған Нанкинде өткен ІІ жасөспірімдер Олимпиадасында Қазақстанның Көк байрағы сеніп тапсырылды. Сол сенімді ақтағаныма мен өте қуаныштымын. Бұдан былай да көптеген жарыстарда Қазақстанның Көк туын желбіретіп, үлкен жетістіктерге жетеміз деген ойдамын. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ІІ жасөспірімдер арасындағы Олимпиада ойындарының чемпионы Абылайхан Жүсіпов айтты.

«Жақында өткен жазғы жасөспірімдер арасындағы олимпиада ойындарында біз бар күшімізді салып, өз өнерімізді көрсеттік. Ең бірінші, спорттың дамуына әрдайым қамқор болып келе жатқан Елбасымызға рахметімізді айтқымыз келеді», - дейді ол.

Оның айтуынша, қазақстандық спортшылар әлемнің ең мықты спортшыларымен күш сынасып, Қазақстанның абыройын, намысын қорғап, жеңіске жетуге деген бар күш-жігерін салды.

«Осы Олимпиада ойындарында жалпыкомандалық 21-ші орынға табан тірегенімізге қуаныштымыз. Барлық спорт түрлерінен көптеген жетістіктерге жеттік. Көрермендерге, аға жаттықтырушыларға үлкен рахметімді айтқым келеді», - дейді А. Жүсіпов.

Айта кетейік, бүгін таңертең ҚР Премьер-министрінің орынбасары Гүлшара Әбдіқалықова спортшылармен кездесіп, Мемлекет басшысы мен Үкіметтің атынан қарылай сертификаттар табыстады. Алтын медаль әкелгендерге 1млн. 820 мың теңгеден қаржылай сыйлық табысталды. Ал түстен кейін Спорттық жекпе-жек түрлері конфедерациялары чемпиондарға 25 мың АҚШ долларынан қаржылай сыйлық таратты. Екінші, үшінші орын иеленген жас спортшылар сәйсесінше 15 мың және 10 мың АҚШ долларынан алды.