Нанкинде алғашқы алтын медальдың иегері анықталды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Кеше Қытайдың Нанкин қаласында басталған жасөспірімдердің II жазғы Олимпиялық ойындарының алғашқы медальдар жиынтығы да ойналып бітті. Алғашқы алтынды австралиялық триатлоншы қыз Бриттани Даттон қанжығасына байлады. Бұл туралы egemen.kz жазады.

Жұлдызы жанған Даттон үш түрлі қашықтықты 59 минут 56 секундта көктей өтті. Мәреге екінші болып жеңімпаздан 37 секундқа артта қалған АҚШ өкілі Стефани Дженкс келді. Үшінші орын тұғырырына француз қызы Эмили Морье көтерілді.

Алғашқы алтын медаль иегерін Халықаралық олимпиялық комитеттің президенті Томас Бах арнайы барып құттықтады.

Мұның соңын ала пневматикалық тапаншамен 10 метрден нысана көздеуші қыздар да медаль үлесіне түсіп кетті. Онда 196,9 балл жинаған Поляк қызы Агата Новак топ жарды. Ресейлік Маргарита Ломова 194,4 ұпаймен екінші сатыға орналасты. Ал үшінші болған кореялық Ким Ми Джун 175,4 ұпай жинады.