Наполеонның бас киімі 1,9 млн еуроға сатылды

Фото: None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Оңтүстіккореялық коллекционер 1,9 млн еуроға Наполеон Бонапарттың белгілі бас киімін аукционда сатып алды. 1800 жылғы Маренго түбіндегі шайқаста Францияның болашақ императоры осы бас киімде болған екен, деп жазады ВВС.

Айта кету керек, жалғыз қалпақ қана емес, Бонапарттың жүздеген киімі сатылған аукцион Фонтенбло қаласында өтті.

Аукцион үйі Императордың бас киімін 300-400 мың еуроға бағалаған, алайда сарапшылар оның бұдан әлдеқайда қымбат бағаға сатылатынын болжаған. Айтқандай, бұл бас киімге оңтүстіккореялық коллекционер 1,5 млн. еуро ұсынған. Комиссия төлемдерімен бұл сома 1,9 млн еуроға дейін өскен.

Екібұрышты бас киім біздің заманға дейін жеткен Наполеонның 19 бас киімінің бірі. Тарихи тұлғада, кей тарихи деректерге сай, 120 қалпақ болған.

Екібұрышты бас киім сол заманның әскери формасына жатқан. Алайда, Наполеон өзгелерден ерекшеленіп, оны көлденеңнен киген. Бұл оның ұрыс алаңында көзге түсуі үшін керек болған деседі.