Наполеонның жеке заттары қойылған мұражайдан құнды жәдігерлерді жымқырып кетті

АСТАНА. ҚазАқпарат - Австралияда баукеспелер түнде Мельбурннан шамамен 60 шақырым жерде орналасқан Брайерс мұражайына басып кіріп, Наполеон 1 Бонопарттың (1769-1821) жеке заттарының ішінен оннан астам экспонаттарды қолды еткен.

Ұрланған заттардың ішінде күміс сиясауыт, темекі сауыты, медальон, сондай-ақ оның естелік жазба жазылған лентасы бар, деп хабарлайды ИТАР-ТАСС.

Полиция күзет дабылы іске қосылғаннан кейін, 10 минуттан соң мұражайға шұғыл жеткен, алайда қаскүнемдер бұл уақытта іздерін суытып та үлгерген. «Қарақшылар қылмысқа жан-жақты дайындалып кіріскен сияқты, өйткені ұрлайтын заттарының қай жерде тұрғанын анық білген», - деп мәлімдеді детектив Майкл Лэм. Сондай-ақ ол азаматтарға егер қымбат жәдігерлерді сатуға ұсыныс жасаған жағдайлар орын алса, дереу құқық қорғау органдарына хабарласуларын өтінді.