17:31, 17 Наурыз 2009
Нәрестелердің шетінеуі азайды ? ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі
АСТАНА. Наурыздың 17-сі. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Жыл басынан бері нәрестелердің шетінеуі мен ана өлімі азайды. Бұл туралы бүгін өткен брифингте ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Тамара Вощенкова мәлім етті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат. Оның айтуынша, бұл әр 100 мың тірі туылған нәрестеге шаққандағы өткен жылғы 42,8 көрсеткішінен 32,7-ге төмен. Нәрестелердің өлім-жітімі әр 1 мың туған балаға 2008 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда (22,2) 19,9-ды құрады. Нәрестелердің өлім-жітімінің ең жоғары көрсеткіштері Қызылорда (25,1), Оңтүстік Қазақстан (25,0), Жамбыл (23,8), Шығыс Қазақстан (22,5), Ақтөбе (20,9) және Қарағанды (20,7) облыстарында тіркелген. Алматыда соңғы екі айда ана өлімінің екі оқиғасы орын алды, Астанада ондай жағдай тіркелген жоқ. Т.Вощенкова ана мен сәбиге қатысты қайғылы оқиғалардың орын алуы бірнеше себептерге байланысты болатынын атап өтті. Оның бірі ? жүктілікке дайындық кезеңінде ананың өз денсаулығын тексеріп алмауында. Мысалы, болашақ ана туберкулезге шалдыққан болуы мүмкін. Екіншісі - жүкті әйелдің ауруының асқынған сатысын дер кезінде анықтамау, сырқат әйелдерді арнайы мамандандырылған облыстық ауруханаларға жібермеу және тағы басқалар. «Елбасының бұл үдерістерге қарсы шаралар қолдану тапсырмасына сәйкес өткен жылдың соңында Аналар мен нәрестелер өлім-жітімін азайту үшін шұғыл шаралар қабылдау жөніндегі республикалық штаб құрылды. Осындай штабтар әкім орынбасарларының жетекшілік етуімен республиканың барлық аймақтарында жасақталды», - деді ол. Осы бағдарлама аясында медициналық мамандардың біліктілігін арттыратын тренинг орталықтар құрылып, белгіленген кесте бойынша өңірлермен он-лайн режімінде селекторлық мәжілістер өткізілуде. Республикалық штабтың кеңейтілген 6 отырысы және аймақтардағы штабтардың көшпелі отырыстары өтті.