Нарығымызды тамақ өнімдерімен әлі күнге толық қамтамасыз ете алмай отырмыз – Бектенов
АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов министрлер мен әкімдерге талантты кәсіпкерлерге дұрыстап қолдау көрсетуді тапсырды.
– Нәтижелер бар деп айтуға болады. Бірақ, осы бағытта, яғни тамақ өндімдерін өндіру бағытында әлеует өте жоғары. Біз әлі күнге дейін өз нарығымызды толығымен қамтамасыз ете алмай жүрміз. Мүмкіндіктер бар. Мысалы, мен кеше Астанадағы «Тәп-тәтті» компаниясына бардым. Кішігірім кондитерлік цехтан бастап, 4-5 жылдың ішінде үлкен зауыт салынды. 1,5 мың адам жұмыс істеп жатыр. Қазіргі сыртқы нарықтарға да шығу жоспары бар. Күніне 20 тонна өнім өндіріледі. Компания иелері 50, содан кейін 100 тоннаға жеткізуді жоспарлап отыр, - деді Үкімет басшысы.
Оның атап өтуінше, осындай кәсіпкерлерді қолдау, дұрыс көрсету, насихаттау керек.
– Кәсіпкерлікпен айналысу әрине, кез келген адамның қолынан келе бермейтін дүние. Бірақ, таланты бар адамдарды барынша қолдауымыз керек. Осындай кәсіпкер - әрбір мемлекеттің негізгі тірегі. Оны дұрыстап түсіне білу керек. Барлық Үкімет мүшелеріне, әкімдерге айтатыным, осындай кәсіпкер әр өңірде бар. Оларға барынша дұрыстап қолдау көрсетіңіздер, - деді Олжас Бектенов.
Айта кетейік, отырыста Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров майлы дақылдар өсімдік шаруашылығының табыстылық драйверіне айналғанын айтты.