АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандық Нариман Құрбанов Оңтүстік Кореяның Чечхон қаласында өтіп жатқан спорттық гимнастикадан Азия чемпионатында бас жүлде алды.
Құрлықтық додада ол ат снарядындағы сайыста 14.933 ұпаймен жеңімпаз атанды.
Нариман Құрбанов 1997 жылы дүниеге келген. 2024 жылғы Жазғы Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері болды. 2023, 2024 жылғы Азия чемпионы болса, 2022 жылғы Азия ойындарында қола жүлде алды.
Сондай-ақ ел құрамасынан ат снарядындағы жаттығуда Ілияс Азизов (13.933 ұпай) үздік үштікті түйіндесе, Оңтүстік Корея өкілі Ван Хур (14.633 ұпай) екінші орынға жайғасты.
Айта кетсек, бұдан бұрын Азия чемпионатында қазақстандық Милад Карими еркін жаттығудан күміс медаль алды.
Еске салсақ, ел құрамасы командалық көпсайыста үшінші орын алды. Құрлықтық додаға Қазақстан құрамасы тәжірибелі спортшыларды алып барды. Оған Оңтүстік Корея, Өзбекстан, Тайбэй және басқа елдерден мықты гимнастшылар қатысты.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.