Нарколог дәрігер науқастан ақша талап еткен

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қарағанды облысы Жаңаарқа ауданы орталық аудандық емханасының нарколог дәрігері наркологиялық есептен шығару тегін болса да, науқастан ақша талап еткен, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бұл туралы ақша талап еткенін растайтын WhatsАpp аудиотаспасын жіберген аудан тұрғынынан білдік. Ол дәрігер емханада 20 жылдан астам уақыт жұмыс істеген. Қазір азаматтардың арасында жемқорлықты қабылдау деңгейі өзгеріп жатыр және онымен күресу үшін өз үлесін қосуға дайын адамдар саны артып келеді», - деп атап өтті Жемқорлықтың алдын алу басқармасының басшысы Исламбек Майшекин.

Хабарлама ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Қарағанды облыстық департаментінің call-орталығына  «Қоғамдық бақылау картасы» жобасы аясында түсті. Департамент қызметкерлері облыстық денсаулық сақтау басқармасымен бірлесіп тексеру жүргізіп, соның нәтижесінде нарколог дәрігер жұмыстан босатылды.