Нарықты сылтау еткендер қазақ тілінде оқитын оқырмандардың құқығын бұзып отыр - Қ. Сұлтанов
«Өткен 2012 жылы бірнеше ай бойы волонтерлардың жәрдемімен анықтағанымыз: Астана және Алматы қалаларындағы ірі сауда орындарында, орталық көшелердегі, әуежай, темір жол вокзалы, автобус тұрақтары мен аялдамалары сияқты халық көп шоғырланған жерлердегі газет-журнал киоскілерінің көбінде мемлекеттік тілдегі басылымдар сатылмайды. Кейбір киоскілер қазақ тіліндегі басылымдарды сатуға мүдделі еместігін ашық айтып, оларды сатылымға қабылдамайды. Екіншіден, киоскілерде «Егемен Қазақстан» және «Казахстанская правда» сияқты қоғамдық әлеуметтік, үкіметтік бағыттағы газеттер сатылмайды. Біреулері «Бізге берілмейді» десе, енді біреулері «ресми газеттерді ел алмайды» деген ойдан шығарылған қажетсіздікті көлденең тартады. Үшіншіден, есесіне киоскілердің басым көпшілігі шетелдің беймәлім басылымдарымен толтырылған, киоскі сатушылары оларды тиімді және көзге жағымды көрсетуге тырысады. Әрі, олардың бұл талпыныстары нәтижесіз де емес. «Неліктен қазақ газеттері жоқ?» деген сұраққа «оларды ешкім алмайды, сұраныс аз», немесе «бізге қазақ басылымдары берілмейді» деген негізсіз уәж айтады», - дейді Қ. Сұлтанов.
Оның айтуына қарағанда, елімізде тіркелген 2 783 басылымның 574-і ғана қазақ тілінде. Қазақстандағы киоскілер арқылы бұқараға ресейлік 1025 газет-журнал, яғни біздің мемлекеттік тілімізде шығатын баспа өнімдерінен екі есе артық өнімдер таратылады. «Және олардың басым көпшілігі біздің болмысымызға мүлдем жат басылымдар екенін ешкімге дәлелдеп жатудың қажеті де бола қоймас. Олармен шарт жасасқан «ҚазПресс», «Қазпошта» басылымдардың мазмұнына қарап жатқан жоқ», - дейді Қ. Сұлтанов.
Депутаттың пайымынша, нарықтық жүйені сылтау еткендер қазақ тілінде оқитын оқырмандардың құқығын бұзып отыр. «Көпшіліктің «неге Қазақстанның киоскілерінде қазақ тіліндегі басылымдар сатылмайды?» - деген сұрағына нақты жауап та жоқ. Мұндай көріністер Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан дамуының 2050 жылғы стратегиясында» мемлекеттік тілдің болашақтағы мәртебесіне айрықша екпін беріп, ел алдына ұлы міндет қойғанына қалай сәйкес келмек? БАҚ-ның бөлшек саудасымен шұғылданатын «ҚазПресс», «Қазпошта» деген құрылымдар оны тек бизнес көзіне айналдырып, қоғамдық санаға өз ықпалын осылайша жүргізе бермек пе?», -дейді депутат Қуаныш Сұлтанұлы.