«Нарынқолдықтар қай елде тұрады» - баспасөзге шолу

АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігі 22 қазан, сәрсенбі күні жарық көрген республикалық бұқаралық ақпарат құралдарындағы өзекті мақалаларға шолуды ұсынады.

***

«Егемен Қазақстан» газетінде Алматыдағы Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрының директоры Асқар Бөрібаевпен арадағы сұхбат басылды.

«Үш тұлға -Ахмет Жұбанов, Латиф Хамиди, Мұхтар Әуезов дүниеге әкелген «Абай» - ұлттық операның інжу-маржаны. Бұл опера Батыста жоғары бағалана бастады. Мұның алдында «Абай» операсын былтырғы жылы Германияда Оңтүстік Тюрингия опера театрында неміс режиссері Ансгар Хааг немісше аударып, неміс тілінде қойған. Сол кезде Абай партиясын Оңтүстік Кореяның бас баритоны Дэ Хи Шин орындаған. Ажарды Колумбиядан сопрано шырқаса, Жиренше Грекиядан болды. Осындай интернационалдық құрам бірінші рет шет мемлекетте Абайды немісше сөйлетті. Сондықтан «Абай» операсы - Еуропада тұңғыш қойылған ұлттық өнеріміздің үлгісі. Өткен жылы бұл опера Алматыдағы Абай атындағы опера және балет театрында Алан Бөрібаевтың жаңа редакциясымен қайта қойылды. Италиядан режиссер, суретші, балетмейстер шақырылып, жаңадан сахналағанбыз»,-дейді директор. Осы жайында толық білгіңіз келсе, «Асқар БӨРІБАЕВ: Абай театры Абай жолымен жүргенде ғана алға адымдайды» деген сұхбатты оқып шығыңыз.

***

«Айқын» газетінің бүгінгі санында « Нарынқолдықтар қай елде тұрады» деген материал берілген. «Жазушы Бердібек Соқпақбаевтың 90 жылдық тойы өтетін Нарынқол ауылына ат басын тірей қалғанымызда, ең әуелі қалта телефондарымыз шыңқ етті. «Бәленбей деген кісі сізді іздеп, бәленбай рет қоңырау шалды» деген дәстүрлі хабарлама болар деп мән бермегенбіз. Сөйтсек, «Билайн» байланыс операторынан келген СМС екен. «Welcome to China!» деп тұр!»,-деп жазады автор. Білуімізше, Қазақстан мен Қытай арасындағы шекара кемі 3 шақырым жерде. Ортасындағы бейтарап жолақ және бар. Сонда бұл қайдағы Қытай? Артынша телефон тағы да шиқылдады. Бұл жолы «Добро пожаловать в Китай!» деп тұр қасқа! Көзіміз тас төбеге шықпаса да, таңданып қалдық. Жергілікті ағайын бұған әбден бой үйретіп алыпты. «Телефондарыңыздың баптау түймесін ашып, желіні қолмен таңдаңыздар. Әйтпесе, тариф роумингпен есептеледі. Ақшаларыңыз екі есе артық жұмсалады» дейді.

Осы басылымда « Сертификат енді сергелдеңге салмайды» атты мақала жарық көрді. Мәжіліс төрағасының орынбасары, «Нұр Отан» фракциясының басшысы Дариға Назарбаева «қазақстандық мазмұнды» дамыту проблемаларына ел Үкіметінің назарын аудартты. Кеше билеуші партияның парламенттік фракциясы жанындағы Экономикалық саясат кеңесі, «Нұр Отан» сайлауалды Тұғырнамасының «Инновациялық экономика» бағыты бойынша сарапшылық тобы және Мәжіліс комитеттері бірлескен отырыс өткізген болатын. Онда жер қойнауын пайдаланушылардың қазақстандық тауарларды сатып алу мәселесі қаралды.

***

«Эксперсс-К» газетінің бүгінгі санында «Дом разбитых сердец» деген мақала шықты. Бүгінде Қазақстанда 49 мемлекеттік және 9 жеке қарттар үйі жұмыс істеуде. Мемлекеттің қамқорлығына алынған қарттардың жалпы саны жеті мыңнан асып отыр. Тағы жүзден астамы осы баспанаға кезекте тұрған көрінеді. «Дәулетті балалары бар болса да қарттар үйінде тұруға мәжбүр әжейлерге қарасаң, көзіңе жас үйіріледі. Балалары ата-аналарын алып келіп, оларға бұл уақытша екенін айтып, уәде береді. Кейін ата-аналары туралы ұмытып кететін жағдайлар кездеседі»,-дейді «Қарлығаш» жеке қарттар үйінің меңгерушісі Ирина Зайцева.