NASA ақпанда ғарышкерлерді адамзат тарихындағы ең алыс сапарға аттандырады

Фото: BBC

АСТАНА. KAZINFORM – Америкалық ғарыш агенттігі NASA «Артемида-2» (Artemis II) миссиясын 2026 жылғы ақпан айында іске қосуды жоспарлап отыр. Бұл соңғы 50 жылда алғаш рет адамдардың Айға соншалық жақын ұшуы және Жерден осыншалықты алысқа аттануы болмақ, деп хабарлайды BBC.

NASA бұған дейін миссияның ұшырылуын 2026 жылғы сәуірден кешіктірмейміз деп мәлімдеген еді, алайда қазір төрт астронавт он күндік сапарға ақпан айында аттанады деп болжанып отыр.

«Артемида-2» миссиясы «Артемида» бағдарламасы аясындағы екінші ұшыру болмақ.

Бағдарламаның басты мақсаты – астронавтарды Ай бетіне қондыру және уақыт өте келе онда ұзақ мерзімді қатысуды қамтамасыз ету.

NASA әкімшісінің көмекшісі міндетін атқарушы Лакиша Хокинс бұл адамзаттың ғарышты игеруіндегі маңызды кезең екенін атап өтті.

«Біз тарихтың куәгері болып отырмыз. Ұшыру терезесі 5 ақпанда ашылуы мүмкін, бірақ ең бастысы – қауіпсіздік екенін баса айтқым келеді», – деді ол баспасөз мәслихатында.

Экипаж:
– Грегори Рид Уайзмен – командир;
– Виктор Гловер – ұшқыш;
– Кристина Кук – миссия мүшесі;
– Джереми Хансен – миссия мүшесі.

Бұл экипаж адамзат тарихындағы ең алыс ғарыш сапарын жүзеге асыратын алғашқы топ болады.

Айта кетейік, Үндістан ғарышқа адам тәрізді робот жібереді.