NASA «Artemis II» миссиясының Айға қатысты 12 мың фотосын жариялады

АСТАНА. KAZINFORM – NASA «Artemis II» миссиясы аяқталғаннан кейін 12 мыңнан астам фотосуретті жариялады, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Вашингтондағы меншікті тілшісі.

Фото: NASA

«Artemis II» 1 сәуірде ұшырылып, 6 сәуірде Айға ең жақын қашықтыққа жетіп, 10 сәуірде Жерге оралды. 10 күнге созылған миссия барысында NASA астронавттары Рид Уайсман, Виктор Гловер және Кристина Кох, сондай-ақ Канаданың ғарыш агенттігінің астронавты Джереми Хансен мыңдаған сурет түсірген. Ғарыш агенттігі миссия үшін маңызды ақпарат алмасуға басымдық бергендіктен, ұшу кезінде Жерде тек аз ғана фотосуреттер көрсетілген.

Енді бұл суреттерді алғаш рет көпшілік NASA сайтынан көре алады. Scientific American мәліметінше, онда қазіргі уақытта миссияға қатысты 12 217 фотосурет орналастырылған.

Бұл суреттердің түпкілікті сақталатын орны – NASA-ның Планетарлық деректер жүйесі болады. Уақыт өте келе Айды айналып ұшу кезінде жазылған «Artemis II» астронавттарының дауыс жазбалары да қолжетімді болады.

Фотосуреттердің көмегімен ғалымдар Айдың түсі мен жарықтығын зерттеп, оның геологиялық тарихы туралы мәлімет алады. Сонымен қатар метеороидтардың Ай бетімен соқтығысуынан пайда болатын жарқылдар бақыланып, болашақ миссиялар үшін қонуға ықтимал орындар зерттеліп жатыр, сондай-ақ Айдың сирек атмосферасы мен ондағы шаң құрамына талдау жасалып жатыр.

Еске сала кетсек, наурызда NASA Айда база салу және ядролық ғарыш кемесін ұшыру туралы хабарлағанын жазғанбыз.

Ал «Artemis II» миссиясымен Айға кеткен астронавтар 10 сәуірде Жерге оралды.