NASA Айда ең ірі жаңа кратерді анықтады

АСТАНА. KAZINFORM — АҚШ-тың NASA ғарыш агенттігі Айдың бетінде Күн жүйесінде жақында пайда болған ең ірі кратерді анықтады, деп хабарлайды РИА Новости .

Фото: NASA

Агенттік кратерді 2025 жылы Lunar Reconnaissance Orbiter ғарыш аппараты түсірген суреттер арқылы анықтаған.

— Қолданыстағы модельдерге сәйкес, бұл — Күн жүйесінде анықталған кейінгі кезеңде пайда болған соққы кратерлерінің ішіндегі ең ірісі. Мұндай оқиға шамамен 132 жылда бір рет болады, — деп жазылған Science Advances мақаласында.

NASA мәліметінше, 2024 жылдың көктемінде Айдың бетіне көлемі 3-6 қабатты ғимараттай болатын астероид немесе комета соғылған. Соққыдан диаметрі 222 метр, тереңдігі шамамен 42 метр болатын кратер пайда болған.

Ғарыш агенттігінің хабарлауынша, жаңа кратерге ғалым Томас МакГетчиннің құрметіне McGetchin атауы берілген.

Бұған дейін NASA биыл Айға үш пилотсыз миссия жоспарлап отырғаны туралы жазған болатынбыз.