NASA жұлдыздардың қалыптасуы туралы тың фото жариялады

АСТАНА. KAZINFORM – NASA Джеймс Уэбб ғарыш телескопының көмегімен NGC 7129 жұлдыздар қалыптасып жатқан аймақтың егжей-тегжейлі инфрақызыл суретін жариялады . Кадрдан жас жұлдыздардың айналасындағы газ бен шаңның құрылымы, сондай-ақ олардың қуатты ағындары мен желдерінің ғарыш ортасына әсері көрінеді.

Фото: habrastorage.org

NASA мәліметінше, жұлдыздардың қалыптасуы гравитацияның әсерінен басталады. Ол газдың орасан зор массасын бір жерге жинақтайды. Алайда бұдан кейінгі үдеріс күрделене түседі: қалыптасып үлгерген жұлдыздар қуатты ағындар мен желдер шығарады. Кейбірі уақыт өте келе жарылуы да мүмкін.

Фото: Nasa.gov

Ғарыштық суретте жұлдыздардың пайда болу үдерісі айқын байқалады. Кадрдың сол жағындағы алтын түсті газ аймағында орналасқан жас жұлдыздар оң жақтағы қызыл түсті бөлікте көрінетін жұлдыздарға қарағанда қалыптасу кезеңінің анағұрлым жетілген сатысында тұр.

Қызыл түсті газдағы жіңішке талшық тәрізді құрылымдар да назар аударады. NASA мамандарының болжамынша, олар жас жұлдыздардан тарайтын қуатты ағындар мен жұлдыздық желдердің әсерінен пайда болған.

Суретте ғарыштық шаңның рөлі де көрінеді. Тығыз шаң көрінетін жарықты бөгеп, нысандарды кәдімгі оптикалық суреттерде анық көруге кедергі келтіреді. Мұндай шаң жұлдыздардың салқын атмосферасында да түзілуі мүмкін. Кейін ол қоршаған кеңістікке таралады.

Ғалымдар жұлдыздардың дамуының әртүрлі кезеңдерін зерттеу арқылы олардың қалыптасуы кезінде қандай физикалық үдерістер маңызды рөл атқаратынын және олардың қай уақытта жүретінін жақсырақ түсінуге мүмкіндік алады.

NASA бұл суретті 2026 жылғы 16 қарашадағы «Күннің астрономиялық суреті» (Astronomy Picture of the Day) айдарында жариялады. Кадрды NASA, Еуропалық ғарыш агенттігі (ESA), Канаданың ғарыш агенттігі (CSA), Ғарыштық телескоп ғылыми институты (STScI) және Джеймс Уэбб телескопы бірлесіп ұсынған.

Айта кетейік, бұған дейін NASA Марста судың бірнеше рет болғанын дәлелдейтін белгілер табылғанын жариялаған.

Сондай-ақ NASA Айға жүк жеткізу бағдарламасына қатысатын сегіз компанияны таңдағанын жаздық.