Нашақорлықпен күрес: 5 жылда есірткіге тәуелді жандардың саны азайды
АСТАНА. KAZINFORM — 26 маусым — халықаралық нашақорлыққа қарсы күрес күні. Айтулы дата 1987 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясының қызметін күшейтуге және нашақорлықсыз әлемдік қоғам құруға деген шешімінің көрінісі ретінде құрылды. Осы орайда Kazinform тілшісі еліміздегі есірткімен күрес ахуалына шолу жасаған еді.
Еске салайық, Үкімет 2023 жылы нашақорлық пен есірткі бизнесіне қарсы күрес жөніндегі кешенді жоспарды бекітті. Аталған жоспар аясында, биыл есірткіге тәуелділер санын азайту, есірткіге тәуелділіктен ұзақ мерзімді ремиссиясы бар кәмелетке толмағандар санын 15%-дан 20%-ға дейін арттыру, сондай-ақ есірткі тұтынушыларды 26%-дан 30%-ға дейін медициналық-әлеуметтік оңалтумен қамту жоспарланған. Кешенді жоспарды іске асыру үшін бюджет есебінен 53,1 млрд теңге бөлінді.
Ішкі істер министрлігі ұсынған мәліметке сүйенсек, биыл 5 айда есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл нәтижесінде 4 тоннадан астам есірткі және 15 тоннадан астам прекурсор тәркіленді. Сонымен қатар 95 есірткі зертханасы әшкереленіп, 18 қылмыстық топ, оның ішінде бір трансұлттық ұйымдасқан қылмыстық топ жойылды.
Одан бөлек, 14 мыңнан астам есірткі сайты мен 15 мың банк картасы бұғатталды. Осылайша құзырлы органдар өкілдері, ел экономикасын 1 млрд 230 млн теңгеден астам шығыннан сақтап қалды. Барлық өңірде өткен «Нашақорлыққа жол жоқ» акциясы аясында 47 мың есірткіні жасырын жарнамалаған граффити жойылды, 426 қылмыстық іс қозғалып, 36 адам ұсталды.
Соңғы айларда есірткі қылмысы қай өңірлерде анықталды:
— Жамбыл облысында 21 келіден астам гашиш тәркіленді;
— Алматыда 24 келі марихуана тәркіленген есірткі зертханасы жойылды;
— Маңғыстау облысында 2,5 келі апиын тәркіленді;
— Алматы облысында 190 келі а-PvP синтетикалық есірткі және 8 тонна химиялық прекурсор табылды.
Нашақорлыққа тәуелділікке қатысты статистиканы Денсаулық сақтау министрлігінен сұраған едік, соңғы бес жылда есірткіге тәуелді пациенттердің саны азайды. 2022 жылы есірткіні қолданған 17 085 пациент динамикалық бақылауда болса, бүгінде 18 мыңнан астам пациент динамикалық бақылауда тұр.
Бүгінде ел аумағында 76 емхана мен аудандық ауруханада 212 психолог кабинеті жұмыс істейді. Сонымен қатар, жыл сайын 30 психиатр, нарколог-маман оқытылады, қазір білім гранттарын алған 152 резидент жоғары оқу орындарында білім алып жатыр.
— Соңғы жеті жылда психолог, наркологтардың саны 15-20%-ға өсті. Еліміздің стационарлық көмек орталықтарында 3 747 төсек бар. Оның ішінде 270 төсек медициналық-әлеуметтік сауықтыруға арналған. Өткен жылы елімізде 6 сауықтыру бөлімшесі жұмыс істей бастады, ал жыл соңына қарай 13 өңірде сауықтыру бөлімшесі ашылды, — деген хабар алдық Денсаулық сақтау министрлігінен.
Сондай-ақ қазір елімізде синтетикалық есірткі тұтыну салдарынан психикалық мінез-құлқы бұзылғандарды емдеудің жаңа клиникалық хаттамасы әзірленіп жатыр. Бұл туралы Сенат депутаттарының сауалына премьер-министр Олжас Бектеновтің жауабында айтылған.
Премьер-министрдің атап өтуінше, медициналық куәландырудың қолданыстағы диагностикасы халықаралық стандарттарға сәйкес жүзеге асырылады және көп компонентті бағалауға (клиникалық тексеру, психомоторлық функцияларды тестілеу, зертханалық диагностикалық әдістер және экспресс-тестілеу) негізделген. Нарықта жаңа синтетикалық есірткілердің пайда болуын ескере отырып, Денсаулық сақтау министрлігі психиатрия және наркология саласының сарапшыларымен бірге психикалық белсенді заттардың жаңа түрлерін ескеруге мүмкіндік беретін медициналық куәландыру жүйесін жетілдіру бойынша жұмыс істеп жатыр.
Айта кетсек, Мәжіліс депутаты Абзал Құспан Конституцияның 30 жылдығына орай кейбір сотталғандарға рақымшылық жасауды көздейтін заң жобасында есірткі көміп, таратқаны үшін сотталған жастардың рақымшылыққа іліну мәселесін көтерді.
Халық қалаулысының айтуынша, бүгінге дейін есірткі көмгені үшін 415 адам қамаудан босап шыққан. Тағы 2 мыңнан астам адамның заңдағы өзгерістерді пайдаланып босап шығуына мүмкіндігі бар.