Нашар пайдаланылған жерлерді мемлекеттің пайдасына қайтару керек - Н. Назарбаев

АСТАНА. 10 сәуір. ҚазАқпарат - Нашар пайдаланылған жерлерді мемлекеттің пайдасына қайтару керек. Бүгін Ақордада өтіп жатқан Кәсіпкерлер кеңесінің отырысында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев осылай мәлім етті.

«Шағын фермерлер өздерінің жерін өңдей алмай жатқан кездері болып жатады. Оның егістерінен таралған арамшөп жақсы игерілген егістіктерге ауысып жатыр. Осы орайда алқабын күтіп ұстап жүрген жердің иесі бұл тұрғыда не істерін білмей отыр»,-деп тоқталды Елбасы.

Мемлекет басшысының пайымдауынша, аталған фермерлер бірікпесе, олар қазіргі заманғы техниканы сатып алуға қауқарсыз болады. Сондықтан ол өзінің жерін тиісті деңгейде өңдей алмайды. Бұл тұрғыда Президент мұндай фермерлер бірікпесе тыңайтқыштар бойынша жеңілдіктерге ие болмайтынын, лизингке техника алуда мүмкін болмайтындығын тікелей айту керек екендігін жеткізді.

«Бұл фермерлерден ештеңе тартып алмайтындығымызды айту керек. Ол өзінің жерімен акционер ретінде кіріп, өзіне тиесілі пайданы алады. Егістікті арамшөппен құнарсыздандырып, ештеңе өндірмей келе жатқандар жайлы көп айтып жатырмыз. Мұндай фермерлік шаруашылықтарға мемлекет тарапынан ешқандай көмек болмайтындығын жария ету қажет. Ал, осы жерді құнарсыздандырып құртқаны үшін айыппұл саламыз. Біздің заңнамаға сәйкес нашар пайдаланылған жерлерді мемлекеттің пайдасына қайтару керек. Бұл бағыттағы жұмыстарды қатаң қолға алмаса болмайды»,-деп түйді Н. Назарбаев.