«Насыбай мен снюс: кімге пайда, кімге зиян?» - баспасөзге шолу

АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» агенттігі республикалық басылымдарда 15 мамыр, бейсенбі күні жарық көрген өзекті мақалаларға шолуды ұсынады.

*** «2013 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанның Кеден одағы елдерімен сыртқы тауар айналымы 24,3 миллиард долларды құрады, бұл 2010 жылғы көрсеткіштен 29 пайыз артық. 2014 жылдың басында Үдемелі индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасының индус­трияландыру картасына 927 жоба енгізілді, оның ішінде 2010-2013 жылдар аралығында 651 жоба іске қосылды. Осы жобалардың ішінде 547 жоба тікелей тауар өндіруге бағытталса, қалған 104 жоба инфрақұрылымдық, энергетикалық және мұнай саласының жобалары болып табылады. Жалпы алғанда индустрияландыру картасына кіретін пайдалануға берілген жобалардың 84 пайызы тауар өндіруге, 16 пайызы инфрақұрылымдық энергетикалық және мұнай саласына бағытталған. Жобалардың басым көпшілігі ішкі рынокты қамтамасыз етіп, толық қуатында жұмыс істей бастағаннан кейін ғана сыртқы рыноктарға шығады. Бүгінгі таңда іске қосылған жобалардың 12 пайызы тауар экспорттаумен айналысады. Индустрияландыру картасына енгізілген жобалардың іске қосылуына байланысты дайын өнімдер экспорттау көлемінің өсімі 860,8 миллион долларды құрады немесе индустрияландыру картасы бойынша іске қосылған жобалардың үлесі 7,8 пайыз болды. Қазақстан тауарлары экспортталатын негізгі елдер Өзбекстан, Ресей, Ауғанстан, Тәжікстан, Түрікменстан, Қытай, Украина, Әзе­р­байжан, Моңғолия, Польша және басқа мемлекеттер болып табылады », деп жазады "Егемен Қазақстан» газеті «Ықпалдастық - ынтымақ ырысы » деген айдармен берілген «БЭК елдеріне экспорт артуда» деген шолу мақаласында. Алматыда Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің арулары мен Алматы Радиоэлектроника мен байланыс әскери-инженерлік институты курсанттарынан құралған 70 жұптың қатысуымен көңілді тербеген Қызғалдақ балы болып өтті. Бұл туралы «Егемен Қазақстан» бүгінгі санындағы «Қызғалдақ балы» атты мақаласында жазды.

Басылымның атап өтуінше, шаттықты әуез салтанаты қыздар университетінің 70 жылдығы құрметіне 70 жұп өзгеше мерекені полонез биімен бастады. Айналаны толқытқан керемет әуез полонезден бастап, полька, мазурка мен Вена вальсінің ырғағы әйгілі «Тақиялы періште» кинофильмінен үзіндіні таныстырды. «Одиссей» әніне бөленген би ырғағы мың бұралды.

Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің ректоры Динар Нөкетаева мерекелік шараға қатысушы жастарды Алғысхаттармен марапаттады. Бал атына сай қызғалдақ гүлдерін жаудырды. Университеттің 70 жылдығы құрметіне өткізілген Қызғалдақ балы тұңғыш рет мерекелік салтанатқа ұласты.

Жуырда Алматыдағы «Тоғанай-Т» баспасынан «Көкірек-көзбен көргендерім» атты кітап жарық көрді. Негізінен эссе, мақала, ой-толғаныстардан тұратын кітаптың авторы қостанайлық белгілі ақын, филология ғылымдарының кандидаты Нағашыбай Мұқатов. Бұл туралы «Егемен Қазақстан» жазып отыр.

Зер сала, зейін қоя пайымдасақ тылсым тіршілік тұтасымен сан алуан тақырып қой. Асқақ адамгершілік, кісілік келбет, ақиқат пен шындық, туған тіл тамыры тереңге жайылатын тағылымды тәрбиесі авторды жиі мазалайды екен. Әсіресе «Неге», «Қол шапалақтау», «Қаладағы қарттар ойыны», «Мен қазақ қыздарына қайран қалам», «Тіл арқылы тірі жүрейік» деп аталатын ой-толғамдар кітап мазмұнын байыта түскен.

Ұлы ұстаз Ыбырай Алтынсариннен бастап ағартушы ақын, жазушы ретінде рухани кеңістікте керемет із қалдырған қарымды қаламгерлер хақындағы зерттеу еңбектер мағыналы мазмұны, дәйекті деректерімен сыр шертеді. Және бір ағынан ақтарыла айтар қуанышты жай, осы өмірдің өз көрінісінен туындаған шынайы шығармалардың кейбірі кезінде «Егемен Қазақстан» газеті бетіне жарияланып, ойлы оқырман тарапынан лайықты бағасын иеленіп те үлгерген, деп жазады басылым.

***

«Кім не десе о десін, бір ақиқаттың беті ашық, ол - Еуразиялық экономикалық одақ біздің Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың бұдан тұп-тура 20 жыл бұрын жасаған өміршең ұсынысының бү­гінгі сұлбасы.

Қазір кейбіреулер осы одаққа қарап «Ресей Кеңестер одағын тірілтуге ұмтылуда» деп жаңсақ сөйлеп жүр. Ақиқатында 1994 жылы Нұрсұлтан Әбішұлы М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінде ғалымдар мен Ресей астанасы ықпалды тобының ал­дында дәріс оқығанда «посткеңестік аумақта Еуразиялық интеграциялық одақ құру қажеттігі» жайлы тұңғыш рет өміршең ұсыныс жасаған. Бірақ ол кезде мұндай баламасыз идеяның қолдаушылары мүлде аз болды. Тіпті басқаларын былай қой­ғанда, сол кездегі Ресей президенті Борис Ельциннің төңірегіндегі элитаның өзінде «бұл Ресейдің мойнына ауыр жүк болады, өйткені қалған мемлекеттер бұрын да до­тациядағы республикалар болған» деп шыға келгендер болды. Ақыр аяғында, 1998 жылғы Азия дағдарысынан соң, Ре­сей рублі мың есеге бір сәтте құнсызданып кет­кен шақта ондағылар «алыстан арба­лағанша, жақыннан дорбала» деген қазақ мақалын түсінгендей болды. Сөйтіп, ЕурАзЭҚ өмірге келді. ТМД деп аталатын халықаралық құрылым жаңа мемле­кет­тердің өзара тиімді қарым-қатынасына жол аша алмайтыны белгілі болғандық­-тан, соған сәйкес арадағы көптеген ке­дер­гілерді алып тастау қажеттігі туындаған­дық­тан, бес-алты мемлекет интеграцияның мейлінше тығыз түрін осылайша заңдастырды. Бірақ мемлекеттердің эко­но­микалық мүмкіндіктері әркелкі болған­дықтан, бұл қауымдастық күткендегідей жеміс бере алмады. Сондықтан тағы да сол біздің Президентіміздің ұйытқы болуы­-мен, экономикалық мүмкіндіктері бір-біріне мейлінше жақындау үш мемлекет Кедендік одаққа бірікті. Жақындасудың пайдалылығы іс жүзінде көріне бастады», деп жазады «Айқын» газеті «Баянды, баламасыз бастама» деген сараптамалық мақаласында. Еуразиялық экономикалық одақ төңірегіндегі мәселелерге егжей-тегжейлі талдау жасалған мақалада «егепмендікті баяндвы етуге, эколономиканы ғылыми негізде дамытуға, осылар арқылы азаматтардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын сапалық жаңа деңгейге көтеруге жасалған бір қадам» деп түйіндейді басылым.

Бүгінде қазақстандықтардың 10 пайызы насыбай атуды әдетке айналдырған. Оған кейінгі кезде тұз бен түрлі шөп қосылып дайындалатын ылғалды темекі өнімі - «снюс» қосылып отыр. Үстіңгі ерін мен қызыл иектің арасына снюсті қойып, жарты сағаттай сорып жүрген жанның ағзасына никотин тарайды. Мамандардың айтуынша, түтінін будақтатып тартпағанмен, оның денсаулыққа зияны темекіден кем түспейді. «Айқын» газеті «Насыбай мен снюс: кімге пайда, кімге зиян?» деген мақаласында бұл орайдағы мамандардың пікірін келтіріп, зиянды әдеттен жирену қажеттігін еске салады. ***

«Литер» газетінің жазуынша, «ЭКСПО-2017» көрмесінің 26 нысаны 26 айда салынып бітеді. Басылымның жазуынша, құрылыс жұмыстарының негізгі бөлігі 2015-2016 жылдарға белгіленген. 2017 жылдың басында көрмеге қатысатын елдер өз павильондарының ішкі жұмыстарына кірісетін болады.

Қазіргі уақытта көрме нысандары салынатын жерге 750 шаршы метр алаңға қонақүйлер, тұрғынжайлар, қатысушыларға арналған қоймалар, ұйымдастырушылар кеңселері, әлеуметтік-тұрмыстық нысандар салынады.