Наталья Слекишина уақытша бостандыққа шықты

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы облысының соты қарақшылық шабуыл жасап, ірі көлемде ақша ұрлап сотталған Наталья Слекишинаны жас нәрестесіне байланысты бостандыққа шығару туралы шешімін өз күшінде қалдырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Н.Слекишинаның қорғаушысы Айман Омарова Іле аудандық соты жазаны өтеу мерзімін кейінге қалдыру туралы шешім шығарғанын айтты.

«Слекишинаның жазаны өтеу мерзімін кейінге қалдыру туралы өтінімі жартылай қанағаттандырылды», - деді адвокат.

Жазаны өтеуші Алматы қаласы Алатау аудандық сотының 2015 жылғы 23 мамырдағы үкімі бойынша сотталған болатын. Енді 2016 жылы туған сәбиіне байланысты оның жазаны өтеу мерзімі 5 жылға кейінге шегерілді.

Айта кетейік, соттың бұл шешіміне Слекишинаның бұрынғы енесі қарсы шығып, арызданған болатын. Алайда, сот шешімі өз күшінде қалып, оның арызы қанағаттандырылмады. 

Еске сала кетейік, сотталушы Наталья Слекишина 2016 жылдың шілде айының басында қамауда зорланғанын, содан жүкті болып, бала тапқанын жария еткен еді. Оның айтуынша, түрме басшылығы алғашында зорлау туралы істі жасырмақ болған. Алайда, сараптама қылмыстық іске қатыстылардың бірі нәрестенің әкесі екенін растады.

Зорлау оқиғасы ҚР ІІМ Қылмыстық атқару жүйесі комитетінің ЛА-155/18 мемлекеттік мекемесінің тергеу абақтысында болған. Наталья Слекишинаның айтуынша, оны осы мекеменің төрт қызметкері зорлаған.

Осыдан кейін, сот үкімімен 2016 жылдың 30 қыркүйегінде ЛА-155/18 Қылмыстық атқару жүйесі тергеу абақтысының бұрынғы қызметкері Руслан Хакімов 9 жылға бас бостандығынан айырылды.

Басты күдікті Руслан Хәкімовке ҚР Қылмыстық Кодексінің 362-ші бабы 4-ші тармағының 1-ші бөлігі (қызмет бабын асыра пайдалану) және 120-шы бабы 2-ші тармағының (зорлау) 4-ші бөлігінде (әлденеше рет) қарастырылған құқық бұзушылықтарды жасаған деген айып тағылған.