Наталья Богданова бокстан әлем чемпионатының жартылай финалына шықты

Фото: Сали Сабиров/Қазақстан ҰОК

АСТАНА. KAZINFORM - Англияның Ливерпуль қаласында World Boxing аясында өтіп жатқан әлем чемпионатында Қазақстан құрамасынан Наталья Богданова (70 келі) жартылай финалға өтті.

Отандасымыз 1/8 финалда түркиялық Сема Чалышканмен қолғап түйістірді. Наталья белсенді қимылдап, қарсыласын нокдаунға жіберді. Нәтижесінде қарсыласын 5:0 есебімен жеңді.

Жартылай финалдық жекпе-жекті Наталья 13 қыркүйек Шантель Рейдке (Англия) қарсы өткізеді. Әлем чемпионатындағы алғашқы жекпе-жегінде ол үндістандық Санамача Чоксомнан басым түскен еді.

Наталья Богданова 1999 жылы дүниеге келген. Қазірге дейін әлем чемпионатында қола алса, 2022 жылы Азия ойындары үздік үштікті түйіндеді.

Қазірге дейін ел құрамасынан Назым Қызайбай (48 келі), Алуа Балқыбекова (51 келі), Виктория Графеева (60 келі), Махмұд Сабырхан (55 келі), Нұрбек Оралбай (80 келі) ширек финалға жолдама алды.

Енді ел құрамасынан Санжар Тәшкенбай (50 келі), Бекзат Нұрдәулетов (85 келі), Ертуған Зейнулинов (65 келі) шаршы алаңға шығады.

Дүбірлі дода 4-14 қыркүйек аралығында Англияның Ливерпуль қаласында өтеді. Жекпе-жектер «Qazaqstan» және «Qazsport» телеарналарынан тікелей эфирде көрсетіледі.