Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту үшін БҚО-ға 3539,8 млн. теңге бөлінді

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Елбасы тапсырмасына сәйкес нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасын жүзеге асыру үшін Батыс Қазақстан облысына 3539,8 млн. теңге бөлінді. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметі өңірлік филиалында облыс әкімінің орынбасары Марат Тоқжанов мәлім етті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.

Оның айтуынша, бағдарламаның бірінші бағыты бойынша техникалық және кәсіптік білімі бар кадрларды даярлау бағытында биыл 800 адамды оқыту жоспарлануда. Сонымен бірге жұмысшы кадрларды еңбек нарығында сұранысқа ие кәсіптер бойынша даярлау бағытында 677 адам қысқа мерзімді оқытудан өтпек. Қазіргі таңда қысқа мерзімді курстарда оқытылатындар санын 1077 адамға дейін (қаражаты - 202,4 млн. теңге) жеткізу жөнінде ұсыныс енгізілді.

Бағдарлама бойынша өңірде техникалық және кәсіптік біліммен барлығы 4 мың (жыл сайын 800 адамнан), қысқа мерзімді кәсіптік оқытумен 5 мыңға жуық адам қамтылмақшы.

Бағдарламаның екінші бағыты (жаппай кәсіпкерлікті дамыту) бойынша қазіргі таңда облыстық кәсіпкерлер палатасы бес ауданда (Ақжайық, Жаңақала, Қазталов, Зеленов және Теректі) 937 қатысушыны «Бастау бизнес» жобасы бойынша оқытуда. Сонымен қатар кәсіпкерлік қызметін жүзеге асыру үшін 374 азаматқа 1768,7 млн. теңге несие бөлу мәселесі қарастырылуда. Соның ішінде 1474,0 млн. теңге 300 ауыл, 294,7 млн. теңге 74 қала тұрғынына берілмекші.

Бағдарламаның үшінші бағыты бойынша биыл жұмыспен қамтудың белсенді шараларына 7008 адамды тарту көзделсе, күні бүгін 1772 адам жұмысқа жолданды.

«Елбасы биылғы Жолдауында жаңадан ашылған жұмыс орындарының саны бұрынғыша Үкімет пен әкімдер қызметінің тиімділігін бағалаудың негізгі критерийінің бірі екендігі жөнінде атап өткен болатын. Осыған орай ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мен облыс әкімі арасында жасалған жұмыс орындарын ашу жөніндегі меморандумға сәйкес биыл 18 мыңнан астам жұмыс орнын ашу көзделуде. Сонымен қатар 2017 жылы облыс халқын жұмыспен қамтудың кешенді жоспары жасалып, 17035 адамды жұмыспен қамту жоспарланды. Қазіргі таңда 3634 адам түрлі шаралармен қамтылды», деді М.Тоқжанов.