Бұл туралы НАТО елдері қорғаныс министрлерінің екікүндік кездесуі қарсаңында Альянстың бас хатшысы Андерс Фог Расмуссен мәлім етті.
«Кездесу барысында қазіргі миссияның барысы, атап айтқанда, қауіпсіздікке жауапкершілікті ауған өкімет орындарына беру, сондай-ақ 2014 жылдан кейін ауғандық қауіпсіздік күштерін оқыту, оларға кеңес беру және көмек көрсету жөніндегі жаңа миссияны жоспарлау мәселелері талқыланбақ», - деді А.Расмуссен.
Бірқатар батыстық БАҚ НАТО қорғаныс министрлері Ауғанстандағы жауынгерлік емес Блок миссиясының болашақ құрамын қарайды деп хабарлады. Соның ішінде әуелде 8-12 мың әскери қызметші болуы көзделген контингентті 13-14 мыңға дейін көбейту мәселесі де көтерілетін болады.
Бұған жауап ретінде А.Расмуссен «2014 жылдан кейін күштер мен инспекторлардың дәл саны туралы шешім қабылданады деп күтпеймін», дегенді айтты. Алайда олардың санын көбейту мәселесін де жоққа шығармады.