НАТО-ның бас хатшысы Түркияға аттанады

Фото: Фото: x.com/SecGenNATO

АСТАНА. KAZINFORM — 13 мамыр күні НАТО-ның бас хатшысы Марк Рютте Түркияға сапарын бастайды. Ол 14-15 мамыр күндері Антальяда өтетін НАТО сыртқы істер министрлерінің бейресми кездесуінің қарсаңында Анкараға барады, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі. 

Күтіліп отырғандай, НАТО бас хатшысы Анкарада Түркия президенті Режеп Тайып Ердоғанмен кездеседі.

НАТО-ға мүше мемлекеттердің сыртқы істер министрлерінің бейресми кездесуі – 24-26 маусым күндері Нидерландының Гаага қаласында өтетін Альянс саммитінің алдындағы соңғы іс-шаралардың бірі.

Қазіргі кезеңде Еуропа елдері қорғанысты күшейтіп жатыр: НАТО-ға мүше 22 мемлекет ЖІӨ-нің 2 пайызына тең қаржыландыру мақсаттарына жетті. НАТО бас хатшысы әлемдегі ең ірі әскери альянсқа мүше 32 мемлекетті көбірек қаражат бөліп, жабдық және саяси күш салуға шақырды. Себебі, АҚШ Еуропадағы қауіпсіздік саласындағы жетекші рөлінен біртіндеп бас тартып жатыр.

Бұған дейін, сәуір айында, НАТО бас хатшысы Жапония мен АҚШ-қа ресми сапармен барған болатын.