Бұл туралы Альянстың Брюссельдегі штаб-пәтерінде өткен баспасөз мәслихатында НАТО Бас хатшысы Андерс Фог Расмуссен мәлім етті.
Оның айтуынша, Ливиядағы зорлық-зомбылықты тоқтату үшін, НАТО М.Каддафидің режиміне қысым көрсетуді жалғастыруда. «Сенбі күні таңертеңнен бастап НАТО ұшақтары 300-дей ұшу сапарын жасады. Біз 49 танкіні, 9 сауытты техниканы, 3 зениттік қару мен қару-жарақ сақталған 4 үлкен бункерді жойдық. Соққылардың көбісі Мисрата және Адждабия төңірегінде жасалды», - деді А. Расмуссен.
Дейтұрғанмен, Альянс бас хатшысы, Ливиядағы дағдарысты тек әскери жолмен шешу мүмкін емес екенін атап көрсетті. «Бейбіт халыққа қатысты зорлық-зомбылықты тоқтатуға бағытталған халықаралық тараптың кез келген әрекетін НАТО қолдайды», - атап көрсетті ол.
Оның айтуынша, НАТО мен оның серіктестері Ливия дағдарысын шешу жөніндегі күрделі миссияны өз мойнына алып отыр. «Бұл әлемдік қоғамдастықтың күш-жігеріне қосқан біздің үлесіміз. Осы сәрсенбі күні Катарда өтетін арнайы топтың отырысын асыға күтудемін және осынау басқосу дағдарысты реттеудің халықаралық негізін қамтамасыз етеді деп ойлаймын», деді Альянс бас хатшысы.