Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Солтүстік Қазақстан облыстық филиалының мәліметінше, өңірде биылғы жылдың алғашқы 10 айында стационарлық көмек көрсетуге 2,4 млрд теңге жұмсалған.
Стационарлық ем кезінде науқас жағдайына қарай тәулік бойы дәрігерлердің бақылауында болып, қажетті медициналық көмек ала алады. Бұл қызмет амбулаториялық жағдайда емдеу мүмкін болмаған кезде тағайындалады. Мұндай көмек жоспарлы немесе шұғыл түрде көрсетіледі. Оның аясында науқастар толық тексеруден өтіп, диагнозы анықталады, ем қабылдайды, қажет болған жағдайда ота жасалады. Сондай-ақ жоғары технологиялық медициналық қызметтер де ұсынылады.
Егер науқастың жағдайы шұғыл медициналық көмекті қажет етпесе, алдымен өзі тіркелген емханадағы учаскелік дәрігерге қаралуы керек. Дәрігер тексеріп, медициналық көрсетілімдер болған жағдайда қажетті талдаулар мен диагностикалық зерттеулерге жолдама береді. Тексеру нәтижесінде стационарлық ем қажет деп танылса, ауруханаға жоспарлы жатқызуға жолдама рәсімделеді.
Науқастың медициналық ұйымды таңдау құқығы бар. Ол міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру немесе тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі аясында қызмет көрсететін медициналық ұйымдардың бірін таңдай алады. Жоспарлы емдеуге жатқызу Ауруханаға жатқызу бюросының порталы арқылы жүзеге асырылады.
Облыстық әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры филиалының мәліметінше, биыл өңірдегі медициналық ұйымдар 24,4 мың науқасқа стационарлық көмек көрсеткен.
Қалалық, облыстық және жекеменшік клиникаларда күндізгі стационар жағдайында 13,2 мың адамға медициналық көмек көрсетілген. Бұл қызметтерге 1,3 млрд теңге жұмсалған.
Оның ішінде 5 мыңға жуық науқасқа хирургиялық, 8,3 мың адамға терапиялық ем жасалған.
Аудандық ауруханаларда стационарлық көмек көрсету бойынша 13 170 жағдай тіркелген.
Оның 13 100-і міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі аясында көрсетіліп, медициналық қызметтерге 1,1 млрд теңге жұмсалды.
Бұған дейін елімізде 14 ауруды емдеуге арналған 22 жаңа дәрі қосылғанын жазған едік.