«Әке тәрбиесі — ұлттың рухани діңгегі» атты іс-шара ер азаматтың отбасы мен қоғамдағы мәртебесін арттыруға бағытталған. Форумда отбасы құндылықтарын насихаттап, өскелең ұрпақ тәрбиесіне елеулі үлес қосып жүрген әкелер марапат төрінен көрінді.
Ал қала тұрғыны Жандос Камаловқа үш бөлмелі пәтердің кілті табысталды. Kazinform тілшісімен сұхбатта ол өзі үшін де, отбасы үшін де мұның күтпеген сый болғанын жеткізді.
— Келіншегіммен отбасын құрғаныма сегіз жыл болды. Екі бала тәрбиелеп отырмыз. Бірақ әлі күнге пәтер жалдап тұрамыз. Көшіп-қонып жүрудің азабын оны басынан өткерген адам жақсы біледі. Ұйымдастырушылар бүгінгі жиынға үлгілі әке ретінде шақырып, марапаттайтынын айтқан еді. Бірақ «пәтер кілті табысталады» дегенде аң-таң болдым. Балаларым да, әйелім де түсінбей тұр. Ойламаған жерден көптен күткен арманымыз орындалды, расында бұл біз үшін тосынсый болды, — деді Жандос Камалов.
Кейіпкеріміз — мүмкіндігі шектеулі жұбайына және екі баласына қамқор болып отырған ардақты әке. Өзі қаладағы сауда орталығында жұмыс істейді. Алайда күнделікті қарбалас арасында бала тәрбиесін назардан қалт жібермейді.
— Қызым 8, ұлым 5 жаста. Ата-аналар жиналысына, олардың іс-шараларына өзім қатысып тұрамын. Балаларымның сабақ үлгерімі жақсы, екеуінің өнерге де, білімге де қызығушылығы басым. Үлгілі әке болудың ешқандай ережесі жоқ. Бала тәрбиесін бірыңғай әйелге ысырып салуға болмайды. Бастысы, отбасы сыйластық пен ауызбіршілікке құрылған болса, ұзаққа барады, — деді ол.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, бүгінгі форумға «Әкелер одағы» республикалық қоғамдық бірлестігі төрағасының орынбасары Бекдайыр Күзембай, мәслихат депутаттары, зиялы қауым өкілдері, аудандардан келген, түрлі салада табысқа жетіп, кәсібі мен еңбегі арқылы елге үлгі болып жүрген азаматтар қатысты.